КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТТІ

Шымкент қаласында COVID-19 және вирустық пневмонияның ықтимал өршуіне медициналық ұйымдардың дайындығын анықтау бойынша оқу-жаттығу өтті. Ондағы мақсат — қаланың барлық медициналық ұйымдарын коронавирустық инфекциямен күреске дайындығын барынша пысықтау.

Іс-шараға инфекциялық және провизорлық стационарлармен қатар меншік нысанына қарамастан барлық БСМК (бастапқы медициналық санитарлық көмек) ұйымдары қатысты. Оқу-жаттығу жұмыстарына 36 БМСК ұйым, 9 диагностикалық орталық, 7 ПТР зертханасы жұмылдырылды. Онда науқастың шақыртуының «103» пультіне түскен сәтінен бастап, тиісті белгілері болған жағдайда стационарға жатқызуға дейінгі бағытының алгоритіміне баса назар аударылды.

Сондай-ақ, жаттығу кезінде жедел медициналық көмек шақыртудың 4 санаты бойынша дәрігерлердің іс-қимыл алгоритмдері пысықталды. Медицина қызметкеріне науқастардың жай-күйінің ауырлығын анықтау, коронавирустық инфекция кезінде сақтану шаралары бойынша бағалау жүргізіліп, провизорлық стационарға тасымалдау жолдары көрсетілді.

Сонымен қатар, оқу-жаттығу барысында емханалардың жанынан құрылған мобильді топтардың іс-әрекеттері де түсіндірілді. Олардың қажет болған жағдайда пациентті компьютерлік томографияны тексеруге жіберу, ПТР талдауды алу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, алдағы уақытта мұндай оқу-жаттығулар тұрақты түрде өткізілетін болады.