ҚР ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ РЕФОРМАСЫ

ХХ ғасыр соңындағы күрделі халықаралық жағдайға байланысты ел басшылығы егемен елдің қорғаныс қабілетін арттыруға ерекше мән беруге тиіс болды. Ұлттық әскери доктринаның негізгі қағидалары «Қазақстан-2030» стратегиясында да ашып көрсетілген. Біз бейбітшіліксүйгіш халықпыз. Ешкімнің жеріне де, байлығына да көз алартпаймыз. Жеріміз де, жеріміздің кені де бар. Ал байлықты – адал еңбегімізбен жинаймыз. Әйтсе де мемлекет өзінің әскери қуатына сүйене отырып, өзін-өзі қорғайтын қабілетке ие болуы керек.

1997 жылдың 17 қарашасындағы Елбасының «Қазақстан Республикасы Қарулы күштерін реформалау туралы» Жарлығымен Қазақстан Қарулы күштері құрылымына өзгеріс енгізіп, әскеріміз бейбітшілік кезеңде де, төтенше жағдайларда да талап етілетін міндеттерді бірдей орындай алатындай етіп қайта құрылды. Жалпы мақсаттағы Күштер, Әуе қорғаныс күштері және Мемлекеттік шекараны қорғау күштері құрылды. 1998 жылдың 26 маусымында «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңға қол қойылды. Мұнда жаңа кезеңдегі республиканың ұлттық мүддесі, ұлт мүддені қорғау қағидалары, еліміздің қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатердің алдын алу жайы айқындалды. Өйткені шекарамызға жақын жерлерде әскери шиеленістер өршіп кетті. Ауғанстан талибтердің қол астында болды. 1999 жылдың тамызында «Өзбекстан ислам қозғалысы» лаңкестік ұйымдарының жасақтары Қырғызстанның аумағына баса-көктеп кірді. 1999 жылдың желтоқсанында Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Қазақстанның 1999–2005 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясы ұсынылды. Құжатта аймақтағы жағдай терең талданып, елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Қарулы күштерді және республиканың басқа да әскери құрылымдарын қазіргі жағдайға бейімдеу жолдары айқындалды. Сонымен қатар стратегия өміршең әскери саясат ұстанып, нақты экономикалық және техникалық мүмкіндіктерді пайдалануды және сырттан келетін қауіп-қатерді анықтап, алдын алу қағидаларын тұжырымдады. Бұрынғыдай бірінші кезекте офицер кадрларын даярлау мен әскери ғылымды жан-жақты дамытуға мән берілді. 1997 жылдың ақпанында Алматы жоғары әскери командалық училищесі – Әскери академия, кейін Ұлттық қорғаныс университеті болып қайта құрылды. 1997 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті институтының базасында ҰҚК академиясы құрылды. 1996 жылы Қорғаныс министрлігі жанынан кіші командирлер дайындайтын Кадет корпусы құрылды, 1999 жылы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» әскери мектебі ашылды. Бұл мектепте Ұлттық гвардияның болашақ жауынгерлері – ұландар 7–11 сынып мектеп бағдарламасымен қатар, әскери пәндерді игеріп, жүйелі білім ала бастады. 1990 жылдың екінші жартысы – ел қауіпсіздігін нығайтудағы және Қарулы күштерді құру мен тұрақтандырудағы маңызды кезең болды. Мемлекетіміз экономикалық қиындықтарды бастан кешіп жатқан кезеңде жүзеге асырылған әскери саладағы құрылымдық өзгерістер – еліміздің заманауи, ықшам, жоғары мобильді, жақсы жабдықталған әрі қуатты Қарулы күштерінің негізін қалауға мүмкіндік берді.