ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ А. МАМИН ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ДАМУ БАРЫСЫН ТЕКСЕРДІ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапары аясында Түркістан қаласының инфрақұрылым нысандарының құрылыс барысын тексерді. Үкімет басшысы инвестициялық жобалардың — «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенінің, JCI халықаралық стандарты бойынша салынып жатқан 570 төсек орнына шақталған көпбейінді аурухананың (2022 жылдың жазында пайдалануға беру жоспарланып отыр), Қазақ драма театрының, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың, Тұңғыш Президент саябағының, дендропарк пен ботаникалық бақтың іске асырылу барысымен танысты.
Сондай-ақ А. Мамин пайдалануға берілген «Hampton» қонақ үйі мен Халықаралық туризм университетін аралап көрді. Премьер-Министр өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және биыл көктемде Түркістан қаласында өткізу жоспарланып отырған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммитіне дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Үкімет басшысының қатысуымен Түркістан облысының әкімдігі, «Artel Electronics» өзбек компаниясы және «Orbis Kazakhstan» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат өңірде ас үй плиталары мен электр су жылытқыштарын шығаратын зауыт салуды көздейді. Қуаттылығы – жылына 1 млн бірлік техника. Жоспарланған инвестиция көлемі – 36 млрд теңге. Кәсіпорын 2100 жаңа жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді.
2020 жылы Түркістан қаласының негізгі капиталына салынған инвестициялар 2019 жылмен салыстырғанда 3,8 есе өсіп, 367,6 млрд теңгені құрады. Инвестициялардың негізгі үлесі туризм, логистика және жылжымайтын мүлік салаларына бағытталды. Түркістан облысының негізгі капиталына салынған инвестициялар 2020 жылы 703,3 млрд теңгеге жетті (+60%). Құрылыс жұмыстарының көлемі 65,8%-ға 299,9 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Облыс инвестициялардың өсу қарқыны және жалпы өңірлік өнімнің өсуі бойынша жетекші позицияға ие болды.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі