ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ЖЕР САТУҒА ЗАҢ ЖҮЗІНДЕ БІРЖОЛА ТЫЙЫМ САЛУДЫ ТАПСЫРДЫ
Шетелдіктерге жерді сатуға заң жүзінде біржола тыйым салынады. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан, мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты», — деді Қазақстан Президенті.
«Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент Әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек», — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.