ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ — ТӘУЕЛСІЗДІК
Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздік ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін тәуелсіздік күші – ең қадірлі күш.
Бүгінгі Тәуелсіздікке халқымыз оңайлықпен жеткен жок. Сан мың жылдар бойы найзаның ұшымен, еліміздің ерен ісімен, кешегі дүниені дүр сілкіндерген Желтоқсан оқиғасымен келген сәт тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалған. Бұл күнге қаншама қандастарымыз өз өмірлерін қиды.
Тарих толқынында талайды бастан кешірген қазақ елі 30 жыл бұрын өз тәуелсіздігін алған тұста дұрыс таңдау жасағандығын бүгінгі таңда уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Қазақстан жылдам қарқынмен әлемдегі алдыңғы қатарлы жетекші елдердің қатарына қосылып келеді. Бүгінде Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтағы жауапты да құрметті әріптесі, Орталық Азия аумағында шешуші рөл атқаратын мемлекет.
Бүгінде тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда жаңаша, ерекше өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасау сынды жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы-ұлттық өрлеудің ұлы күшіне айналған Тәуелсіздігіміздің арқасы екені даусыз.