ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ҚҰРЫЛҒАН ИДЕЯ

Елбасы Н.Ә. Назарбаев – «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасын алғаш рет 2014 жылғы 17-қаңтарда Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандық жол-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында баяндап, негіздеп берді. Шын мәнінде, бұл – мемлекеттің халқымыздың көпғасырлық арманына ғана емес, сонымен қатар тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанның өркендеуінің нақты нәтижелеріне негізделген ұлттық идеясы және мемлекеттік идеологиясы.

Демек, аталған Жолдау өзінің өзгеше маңыздылығымен, атап айтқанда, ақыл-ой дамуының сапалы жаңа зияткерлік сатысының пайда болуымен, отансүйгіш «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасының құрылуымен ерекшеленеді. Н.Ә. Назарбаев сол жылғы Жолдауын жариялап сөйлеген сөзінде: «Біз, қазақстандықтар, біртұтас халықпыз! Біздің ортақ тағдырымыз – бұл өзіміздің «Мәңгілік еліміз», беделді және ұлы Қазақстан!» – деп айтқан болатын. Демек, «Мәңгілік Ел» – ол әлемнің саяси картасында Қазақстанның тәуелсіз өркендеп жатқан мемлекет ретінде мәңгі өмір сүруін паш ететін идея. Бұл – еліміздің тұрақты дамуын, яғни әрқайсымыздың әл-ауқатымыздың жақсаруын қамтамасыз ету үшін сактап, таратуды қажет ететін құндылықтар туралы идея.

Елбасы 2014 жылғы желтоқсанның 21-інде «Мәңгілік Ел» идеясының жетістіктеріне қатысты ойларын Қазақстанның жетекші БАҚ өкілдерімен сұхбатында бөлісті. Президент: «Мәңгі халық» – ол сан ғасырлардан келе жатқан белгілі, славяндарға да, түріктерге де түсінікті идея, ал оны біздің ұлы бабамыз Тоныкөк айтқан», – деді.

Мемлекет басшысы бұл ұғымда біздің мемлекетіміз, халқымыз, мәдениетіміз бен тіліміз мәңгі болсын деген барлық игі тілектеріміз жатқанын, ал ол мақсатқа жету үшін күресуге тиіс екенімізді атап өтті. Н.Ә. Назарбаев: «Бұны жай ғана айта салып, ұмытып кетуге болмайды. Мен халыққа және жастарға арнап айтамын – соған жету мақсатында біз құлшына жұмыс істеуге тиіспіз. Ол үшін бізге мықты экономика қажет, әлемде достарымыз болуы керек. Сол мақсатта біз күллі әлеммен сауда жасауға тиіспіз, елдің қауіпсіздігін қорғайтын мығым жүйеміз, білімі де, біліктілігі де жоғары халқымыз болуы қажет. сонда ғана біз әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіре аламыз, «Қазақстан-2050» бағдарламасын орындап, «Мәңгілік Ел» жолымен жүретін боламыз», – деп ойын жалғастырды. Елбасының пікірінше, жаһандану жағдайында Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі, әлемдегі ең озық дамыған 30 мемлекет қатарына кіру мүмкіндігі көбінесе ұлттық идеяның ықпалдастырушы рөліне тәуелді болады. Мұндай жағдайда жалпыұлттық патриоттық идея өте қажет, өйткені сол ғана этностарды, елді ортақ мақсатқа жұмылдыра алады. Қазақстанда бұл үдеріс тәуелсіздік алумен қатар басталды. Жаңа саяси жағдайларда 2010 жылы қабылданған «Қазақстанның ұлт бірлігі доктринасы» маңызды құжатқа айналды. Доктринада алға тартылған ұлттық бірлік ұстанымдары да мемлекетіміздің ұлттық идеясы қалыптасуының негізін қалады .

Қазақстанның ұлттық идеясы дерексіз, ойша құрылған конструкциялар емес, ол шынайы өмірге сай қалыптасып, мемлекеттің, ғылыми қоғамдастық пен азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігерінің жемісіне айналуда. Ол өзіне қазіргі қазақстандықтардың ұлттық психологиясын, этностық және діни, либералдық-демократиялық құрылымдардың өзара қатынастарын біріктіруде. Оның өміршеңдігі мемлекет мүдделерінің дүниежүзілік қоғамдастықтың даму векторына сәйкес келуі арқылы айқындалады. Әрқайсымыз үшін «Мәңгілік ел» идеясы өз елімізге, отанымызға адалдығымыз бен сүйіспеншілігімізді білдіреді. Барлығымыз Қазақстанды әлеуетті және табысты мемлекет ретінде көргіміз келеді. Елбасының пікірінше, ол үшін бізде ғасырлар бойы бостандықты аңсаған халықтың ұлы тарихы бар. Қазақстанның даңқын асырған белгілі тұлғалар мен батырлардың ұлы есімдері бар. Сол тарихтан тамыр алсақ ғұмырымыз да ұзаққа кетпек.