ҚҰРАҚШЫ ӘЖЕ

— Мен туғанда алғашқы көрген қызығым, ырысымның басы болсын деп, атымды Ырысалды қойыпты, — деп бастады әңгімесін бүгінде сексеннің бесеуіне келіп отырған кейуанамыз.

Шалқар радиосынан шалқыған халық әндерін тыңдап, тігін мәшинесін тықылдатып, жаңа бір құрақ көрпешені бастапты. Сырмақ сыру, құрақ құрап, ою ойып, текеметке түр салу, орамалдың шетін кестелеп, жабуға тор тоқу — мұның барлығы аналар мектебінің тәлімі мен тәжірибесі арқылы кешеден бүгінге жеткен өнер түрлері. Жас қыздар аналарының жанында жүріп, инесін сабақтап отырып-ақ біраз жәйтті көкейлеріне түйген.
Біздің кейіпкеріміз де дәл осылай Жамал анасының тор тоқығанын, қыздарына қонымды етіп көйлек пішкенін, құрақ құрап, сырмақ сырғанын көріп өсті. Үйдегі төрт қыздың үлкені болған соң, жастайынан бауырларына бас-көз, анасына қолғанат болды. Соғыстың жалыны бұрқ ете түскенде, әкесі Тұрғанбайды әскерге алды. Елдегі бар еңбек балалар мен әйелдердің мойнына жүктелді. Анасы күні бойы еңбек етіп келіп, түнімен әскерлерге шұлық тоқитын. Бейнеткеш аналардың балалары да ойын қумай, егіс даласына барып масақ теретін. Міне, осындай еңбекпен буыны бекіп, шаруамен шыңдалған Ырысалды әжеміздің көргені де, көкейге түйгені де көп.
«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген рас екен. Әкем соғысқа толық қатысып, Воронеж, Курск, Украина, Польша жерлерін жаудан тазартып, Берлинге дейін барған. 1945 жылы жеңіс парадына қатысқан. Соғыста көргендерін бізге айтып отыратын. «Берлинге кіргенде әр этаж сайын адамдар бұрыш-бұрыштан тұрып, совет әскерлеріне оқ ата бастады. Үйлерге басып кіргенде ортада үстел толы тамақ тұрды. Жеген солдаттар құлай бастады. У қосқан екен. Кенет командирден «тамақтан жемеңдер, бейбіт тұрғындарды өлтірмеңдер» деген бұйрық келді. Аман қалған әскерлер парадқа қатысты» деп айтып отыратын. Міне, біз сондай майдангердің ұрпағымыз. Бала күннен татқан бейнеттің зейнетін көруге де жеттік, бұған мың шүкір».
Әңгіменің тиегін ағыта отырып, төргі бөлмеде жинаулы тұрған құрақтарына қарай беттедік. «Ши құрақ», «Қазақша оң», «Сегіз жапырақ», «Раушан гүл», «Дөңгелек құрақпен» құралған көрпешелер көздің жауын алады.
«Бұл құрақ деген барынша ыждаһаттылықты, сабырды талап етеді. Мата қиындыларының түсін дұрыс үйлестіру, есептеу, оны тігу, беріктік үшін астарлау – мұның барлығына төзім керек. Бір көрпешені құрау үшін 2-3 күндей уақыт кетеді. Екі қызыма, сегіз немереме жасау жасап бердім. Ауылдастарыма, құдағиларыма, жақындарыма ылғи құрап беріп отырамын. Бірақ, ешқашан еңбегім үшін ақы дәметкен емеспін. Естелік болсын, көзімдей көрсін деп беремін. Бір ауыз алғыстарының, жақсы тілектерінің өзінен көңілім марқайып қалады».
Бәрекелді дедік іштей, «шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ» деп осындайда айтқан болар.
Шешен демекші, әжеміз сөз өнерінен де кенде емес. Құрақтан сәл босай қалса, қолына кітап алады. Ауылдық кітапхананың ең белсенді оқырманы. Абайдан бастап Мұқағали, Мұхтар, Фариза, Төлеген, Шерхан сияқты классиктердің кітабын түгел тауысқан. Мәдениет үйінде өтетін іс-шараларға белсенді қатысып, ылғи пікірін айтып, батасын беріп жүргені. «Сіздің жасыңызды, жолыңызды берсін» деп, көпшілік немерелерін бесікке салғызып, тұсауын кестіріп жатады.
«Мен осы жасқа келгенше үйренуден жалыққан емеспін. Бір жерден жаңа құрақ түрін көрсем, міндетті түрде жасап көремін. Мысалы, мына «Қызғалдақ» құрағын солай көргенім бойынша қағазға түсіріп қиып алдым, сосын құрап шықтым. «Жел бесіктен жер бесікке дейін білім ізденіңдер» дегеннің мәні осы. Ылғи айналысатын ісің болса, сериал көруге, бос әңгіме айтуға уақытың болмайды. Өзім қарап отырғанды ұната қоймаймын».
Жүрісі ширақ, кеудесі тік. Расында, ауыл-үйдің арасына сөз тасу, пыш-пыш бос әңгімеге уақыты жоқ. Айтса — жанашырлығын, ақылын айтады. Ауылдасқа, ағайынға қолдан келген көмегін аямайды. Басын бұлт шалған жан есігін именбей қағады, себебі осында жанашыр болар, қолұшын созар жан бар екеніне көздері жетеді. Міне, біздің Ырысалды әжеміз – осындай тамаша жан. Әулеттің ғана емес, ауылдың анасы.
Сексен бестің сеңгіріне абыроймен келу бақыты — елдің бәріне жақсылық тілейтін ақжарма пейіліне берген Алланың сыйы сияқты.
— Аман болыңыз, жүз жасаңыз, ұрпағыңыздың қызығын көріңіз, құрақшы әже, — деп, әңгімемізді аяқтап, қимай қоштастық.
Қарт – қазына деген рас, әжеміздің көмбесінен әлі талай әңгімеге арқау болар дүниелер аламыз деген ойдамыз, сондықтан, жалғасын күтіңіз, қымбатты оқырман.
Алтын АСҚАР.