ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ ҚАЛАЛЫҚ ТАҢҒЫ ЖАТТЫҒУ АКЦИЯСЫН БАСТАДЫ

Бүгін Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры «Дені  саудың — жаны сау» қалалық таңғы жаттығу акциясын өткізді. Алғашқы шара Шымкент қалалық «Заңғар-Эверет» бөбекжай бала-бақшасынан бастау алды. Таңертеңгілік жаттығуға балабақша бүлдіршіндерімен қатар қызметкерлері, театр әртістері атсалысты.

Бұл президентіміздің: «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін» деген үндеуінің негізінде қолға алынған бастама.  Спорттық шара қаламыздағы мектептер мен балабақшаларда жыл бойы жалғасын таппақ. Жаттығу жиындары көшпелі театр бағытында аптасына бір рет жұмыс жүргізеді.

— Балаға бақыт сыйлау, бүлдіршін көңілін аулау, оның алаңсыз өмір сүріп, дұрыс таңдау жасауына әрбір азамат жауапты. Біздің жобаның мақсатыбалаларды ақыл-ой, адамгершілік, еңбек және эстетикалық жағынан тәрбиелеу жұмысын жүзеге асыруға, олардың сергек, шат көңілді және күні бойы белсенді болуларына ықпал ету. Таңертеңгі жаттығумен жүйелі айналысушыларда ұйқышылдық жоғалады, эмоционалдық өрлеу басталады. Біздің ұжым тарапынан балалар жылына арналған мұнан да өзге ауқымды шаралар көрініс табады, — деді театрдың директоры Алтаев Самат.

   Таңғы жаттығуды ұйымдастыру түрлері 2-12 жас ерекшелігіне қарай әр түрге бөлінген. Атап айтқанда таңертеңгі жаттығу, қимылды ойындар, спорттық жаттығулар, қарапайым би қимылдары, көңілді әуенге флешмоб. Алдағы уақытта жаттығуды жүргізуге спорт шеберлері, театр қойылымынан ертегі кейіпкерлер, даярлығы бойынша нұсқаушылар, сонымен бірге өнер жұлдыздары атсалысады деп күтілуде.

«Аldaspan-ақпарат».