ҚАРАБАСТАУ, ЖҰЛДЫЗ, ЖАЛЫН ТҰРҒЫН АЛАПТАРЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, Еңбекші ауданы прокуроры, аудандық полиция басқармасы, қалалық басқармалар және құзырлы мекеме өкілдерінің қатысуымен Қарабастау, Жалын, Жұлдыз тұрғын алаптары мен Жаңақұрылыс учаскелері тұрғындарымен кездесу өткізілді.
Кездесу барысында жоғарыда аталған тұрғын алаптарда атқарылған және алдағы уақытта жасалатын жұмыстар туралы айтылды.
Жарық, жол, су, табиғи газбен қамту мәселелері жайлы тұрғындар сұрақтарына жауап берді. Мәселен, асфальт төсеу бойынша 2022 жылы Қарабастау тұрғын алабы Атажар, Жақсылық көшелеріне (3,2 шақырым, 76,6 млн. теңге) асфальт төсеу үшін конкурс өткізілген (мердігер мекеме «СТ сервис» ЖШС). Жұмыстар сәуір айында басталып, маусым айында аяқталуы жоспарлануда. Жарықтандыру бойынша «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ы тарапынан инвестициялық бағдарлама аясында Қарабастау тұрғын алабындағы 860 абонент (оның ішінде, бүгінгі күнге 210 абонент жаңартылды) жаңартылады деп күтілуде. Қарабастау Жаңақұрылыс учаскелеріндегі 750 абонентке электр энергиясымен қамту жұмыстары (Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан) жүргізілуде.

Ал, ауыз сумен қамту бойынша, Жаңақұрылыс көшелеріндегі 1470 абонентке ауыз су жүргізу үшін былтырғы жылы жобалау сметалық құжаттама әзірленіп, осы жылы құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін қаржы қаралып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Жаңақұрылыс тұрғындарын тағы бір алаңдатқан мәселе — табиғи газбен қамту бойынша жобалық сметалық құжат жасауға маслихаттың сессиясында қаржы қаралып, жобалаушы мекемені анықтау үшін конкурс жарияланған.

Жоспар бойынша «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында тұрғындардың ұсынысымен Қарабастау тұрғын алабында 2 жерде балалар ойын алаңшасы салынады деп күтілуде. Оның біреуі Бойыт ата көшесіндегі спорт алаңшаның жанына, екіншісі Жаңақұрылыстағы спорт алаңшаның жанына салынады деп күтілуде, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу іс-шарасы жүргізілуде.

Ал, Жұлдыз тұрғын алабында көпқабатты 27 тұрғын үйді кәріз жүйесімен қамту үшін былтырғы жылы жобалау сметалық құжаттама әзірленіп, осы жылы құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 445,7 млн. теңге (жергілікті — 45,7 млн., республикалық — 400 млн. теңге) қаралған. Қазіргі таңда конкурс жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы басталады. Кәріз жүйесінің құрылысы аяқталған соң, көпқабатты үй аулалары абаттандырылып, балалар ойын алаңшалары салынады деп күтілуде. Ал, Жалын тұрғын алабында ағымдағы жылы Васильковая, Цветочная, Солнечная көшелеріне (3,2 шақырым, 76,6 млн. теңге) асфальт төсеу үшін конкурс жарияланып, бүгінгі таңда мердігер мекеме («МАД Группс» ЖШС) анықталды. Жұмыстар сәуір айында басталып, маусым айында аяқталу жоспарлануда.

Құзырлы мекеме өкілдері барлық сұрақтар бойынша іс-шара жоспарлары бекітіліп, орындалуы тұрақты бақылауға алынатынын айтты.