ҚЫТАЙ МЕН ҚАЗАҚСТАН ҚАТЫНАСЫНЫҢ ЖЕМІСТІ ЖЫЛДАРЫ

2012 жылы Қазақстан мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толды. 2011 жылы, осы мерейлі күнді атап өтер қарсаңда, жоғары деңгейдегі екі кездесу болды. Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылған уақыттан бері тұтас дәуір өткендей – өзара байланыстар мен сенім деңгейі өлшеусіз өсті. Қазақтан Қытай Халық Республикасымен өзара қарым-қатынасты Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен-ақ бастады. Содан бері тату көршілерге айналды, сенімді достар болды, экономикалық және саяси жағынан конструктивті әріптестер ретінде ұзақ жолдан өтті.

2010-шы жылдары Қазақстанның алып Қытай елімен диалогты дамытуы, сөз жоқ, үлкен жетістік еді. Екі ел арасында әрдайым тиімді саяси келісімдер биік деңгейде жүргізілді, жоғары сенімділік, тату көршілік және өзара
түсінісушілік қалыптасып, нығая түсті.

2013 жылдың наурызында ҚХР-дың Төрағасы болып Си Цзиньпин сайланды. Жаңа кезеңдегі қарым-қатынастың нығаюына 2013 жылы сәуір айында Елбасының Қытайға ресми сапары мен ҚХР Төрағасының сол
жылы қыркүйек айындағы жауапты ресми сапары маңызды рөл атқарғаны сөзсіз. 30 миллиард долларға келісімшарт жасалып, қол қойылды. Си Цзиньпин өзінің баспасөздегі сұхбатында: «Қытайлық-қазақстандық қарым-қатынастар бұрын болмаған жоғары деңгейге көтерілді», – деп атап көрсетті. Мұны алға қойылған зор мақсат – сауда айналымын 40 миллиард долларға дейін арттыру айғақтап тұр.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы: «Қазақстан – ұзақ жолдан өтті. Президент Н.Назарбаевтың арқасында екі ел арасындағы әріптестіктің берік іргетасы қаланды. Көптеген жылдар бойы Президент Назарбаев
біздің елдеріміз арасындағы достықтың нығаюына мол еңбек сіңірді. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасқа баға жетпес үлес қосқан Нұрсұлтан Назарбаевты Қытайда жақсы біледі және айрықша құрметтейді»,
– деп атап өтті.

2014 жылы наурызда Бейжің қаласындағы «Чаоян» саябағында қазақтың ұлы ойшылы әрі ақыны Абай Құнанбаевқа ескерткіш-бюст орнатылды, авторы – мүсінші Юань Сикун.

2017 жылы 6 маусым күні, ресми сапар қарсаңында, Си Цзиньпиннің «Қытай – Қазақстан қарым-қатынасының қанатты армандары» атты мақаласының жарық көруі қуантарлықтай жағдай болды. Мақалада Қытай – Қазақстан ынтымақтастығының келешек бағыттары кеңінен баяндалған.

ҚХР басшысы: «Жиырма бес жыл бойы қазақ – қытай қарым-қатынастарында талай қиын кезеңдер мен буырқанысқа толы халықаралық жағдайлардан өттік. Тату көршілік пен достықтан, сонан соң жан-жақты әріптестіктен ортақ мүдделер қоғамдастығына ұласқан тағдырлас елдердің екіжақты қарым-қатынасы қарқынды дамып, бұрын тарихта болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Қытай мен Қазақстан арасындағы өзара саяси сенім – күннен-күнге нығайып келеді», – деп атап көрсетті.