ҚЫЗДАРҒА ҚАЖЕТ ОҚУ

Ақұштап ақынның «Қыз үлесі қашан да болу ана» дегеніндей, қыздарымыз мектепті үздік оқып, дипломды қос-қостан алса да өз мамандығымен қызмет жасамауы мүмкін, бірақ біреуге жар, балапандарына ана, бір әулетке келін болатыны айдай ақиқат. Біздің бұрымдыларымызға осы өмірлік мамандықты үйрету, оқыту аса қажет-ақ. Қоғам сұранысын ескере отырып осы істі қолға алған Сандуғаш Бекбосынқызымен аз-кем сұхбат құрдық.

— Ұлттың ұяты, ұрпақтың тәрбиешісі дейтін қыздарымызға жеткілікті көңіл бөле алмай, тәрбиесінің кей тұстарын ақсатып алатынымыз рас. Қыздарға арналған орталық қазір қоғамға нағыз қажет дүние. Ең алғаш бұл жоба ойыңызға қалай, қашан келді?

— Үш қыздың анасымын, Аллаға шүкір. Сол қыздарым өскен сайын оларды жан-жақты өнерге баулитын, қабілеттерін ашатын, қыз баласына қажет дүниелерге үйрететін орталық іздедім. Бірақ, таба алмадым. Ойлана келе, неге осы орталықты өзіміз ашпасқа деген ойға келдім. Өзім сияқты көптеген аналардың көкейіндегі мәселе екені сөзсіз еді. Тәуекел деп бастап кеттім.

— Орталықта қандай сабақтар оқытылады?

— Бірінші ашылған кезде әдеп, қолөнер және аспаздық деген үш сабақпен бастадық. Әдепті қосқан себебім, тәрбиесіз берілген білім нәтижеге жеткізбейтіні сияқты, әдепсіз де ешнәрсе оңды болмайды. Мектеп, көше, қоғамдық орта, асхана сияқты барлық орындардың өз әдебі, этикеті бар. Соны үйретеміз. Қолөнер сабағы қызды креативті ойлауға, шығармашылыққа, түрлі заттарды тігуге, сыйлыққа арналған кәделер жасауға баулиды. Аспаздық өнерде түрлі ыстық тамақтар, тәтті-дәмділер пісіруді, оларды әсемдеп ұсынудың да қыр-сырын меңгереді. Кейінірек, заман талабына қарай, стиль таңдау және шешендік өнерді де қостық. Қыздарымыз тек үй шаруасында ғана емес, кез-келген ортада өздерін сенімді ұстасын деген ниетпен. Барлық сабақтар бойынша мықты, шебер ұстаздарды таңдадық. Бар білгендерімен бөлісуде. 5 жастан 13 жасқа дейінгі «Айкөркем» мектебінде жалпы саны 150-дей қызға тәлім бердік. Бұдан өзге «Арулар мектебі» деген мектепті де қолға алдық. Ол жерде 17-18 жастан асқан аруларымызды жақсы келін, аяулы ана болуға дайындаймыз. Осы «Айкөркемнің» жалғасы деуге болады. Тұрмыстық өмірге бейімдеу, ата-енемен, туыстармен қарым-қатынасты дұрыс құру, жардың көңілінен шығу деген маңызды дүниелер сөз етіледі.

— Әрине, заманның талабына сай білімдерді білген жөн. Десек те, біздің қазақ келіндерінің білуі тиіс табақ алу, ас тарту сияқты дүниелер үйретіле ме?

— Қалыңдық курста ол нәрселер міндетті түрде айтылады. Қазақылығымызды танытар дәстүрлерімізді келіндер біліп, үйреніп, өзінен кейінгіге үйретеді. Осылай сабақтастықтың алтын жібі үзілмей келе жатыр. Тіпті, әр өңірдің шәй құю әдебіне дейін түрліше. Соның барлығын көрсеттіп үйретеміз. Қазір ұмытылып кеткен «Әжелер институты» деген нәрсені дамытсақ деймін. Мен екі әженің ортасында өстім, анамыз жұмыста болғанда әжеміз барлығын үйрететін. Іс тігу, тоқу сияқты нәрселерді қазір көп қыздар біле бермейді. Орталықты ашқанда қолына ине ұстамаған қыздар келді. Қазір ешкім жыртық жамап кимесе де, бәрібір қыз баласы білуі керек дүниелер бар. Қанша оқу оқыса да, жұмыс істесе де қыз бала – ең бірінші кезекте Ана, әйел, отбасы, ошақ қасының адамы. Сондықтан, дәмді ас әзірлеуді, үй ұстауды, қолөнерді білгені дұрыс.

— Алдағы жоспар-армандарыңызбен бөлісе кетсеңіз.

— Арманым көп. Осы мен қолға алған жоба қанатын кеңге жайса, бұл үйірмелер әр мектептің аясында болса, қанекей. Бұрын мектепте әдеп сабағы оқытылып, кейін алынып тасталды. Сол қайта қолға алынса деген ұсынысым бар. Әр мектепте оқушыларды шешендік өнерге баулыса. Себебі, қазір заман талабына байланысты балалардың барлығы гаджетке үңіліп, дұрыс сөйлеуден қалып бара жатыр, ойын ашық айтуды үйрету қажет. Бұл ұсынысты жеке мектептердің бір-екеуіне барып айттым. Олар қуана қолдағандай болды. Ашып жатса тек қуанар едім. Орталығымыз мектепке, іргелі институтқа айналса. Ал, қазір қолымнан келгенінше еңбектене беремін. Аз-аз қадамдармен үлкен биікті бағындырамыз деген ойдамын.

— Мақсатыңыз орындалсын! Шәкірттеріңіз көбейіп, орталықтарыңыз көркейсін!

Сұхбаттасқан Нұрила ШЫНӘДІЛОВА.