ҚЫЗҒАЛДАҚТЫ ҚЫРАТ
Желмен жарысқан жеңіл мәшине тақтайдай тегіс жолда жүйткіп келеді. Кенет, көз ұшында қызыл сағым пайда болды. Көкжиекті қызыл мұнарға бөлеген қызғалдақтар екен. Жақындау барып тоқтадық. Биіктігі 20-30 см, сабағы жұмыр, тік өскен, сұлу әрі нәзік гүлдерді дәл арнайы қондырғандай қаз-қатар тізіліпті. Жұлуға қимай, көзімізді тойдырып, көңілімізді өсіріп қарап келеміз.
Қазақ қызын «қызғалдағым» деп еркелеткен. Қызғалдақ та қыз-ғұмыр сияқты, біздің даламыздың аз күндік қонағы, екі-үш апта ғана гүлдейді. Сол уақытта даланың ажарын ашып, сәнін кіргізеді. Бүгінде нарықта ең үлкен сұранысқа ие мәдени қызғалдақтардың арғы атасы осы гүлдер. Кезінде Ұлы Жібек жолы арқылы саудагерлер Орта Азия мен қазақ жерінен қызғалдақтың пиязшықтарын Түркияға жеткізген. XV-XVІI ғасырларда ол Германия, Ұлыбритания, Голландия елдеріне таралды. Олар гүл өсіруді ұлттық деңгейге көтерді. Голландық сұрыптаушылар қызғалдақтың жүздеген түрін шығарып, бүкіл Еуропада қызғалдақтың даңқын асырды. 1600 жылдары қызғалдақ Голландияда үлкен құндылыққа ие бола бастайды. Қымбат болғаны соншалық, ол валюта ретінде қабылданған. Қазір де шетел ғалымдары селекциялық жолмен мәдени сұрыптарын алып жатыр. Бірақ, олар бізге – қызғалдақтың отанына қайта-қайта келуге мәжбүр. Себебі, әрбір жаңа сұрыпты алу үшін оның табиғи атасы керек. Голландық, нидерландылық селекционер ғалымдардың Қазақстанға ерекше көңіл бөлуінің сыры осында. 2002 жылы Нидерланды корольдігіне жасаған ресми сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сол елдің ханшайымы Беатрикс ханым қызғалдақ жайында ағынан жарылып: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ, Қазақстанды Нидерландымен байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Бұл гүл осылайша Нидерландыға кең тарады. Гүл саудасында да ол ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қызғалдақ гүлі нидерландықтардың нөмірі бірінші экспорттық тауары. Сол үшін сіздің елге қарыздармыз», – депті.
Қызғалдақтар тамыр жүйесі, жемісі, гүлінің құрылысы, ірілігі мен ұсақтығы тәрізді қасиеттері бойынша жіктеледі. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Бұл гүлдердің көпшілігі оларды алғаш зерттеп, таныстырған ғалымдардың есімін иеленген. Мысалы, Островский, Кауфман, Шренк қызғалдағы дейміз. Өткен ғасырларда өмір сүрген ғалымдардың есімі осылай тарихта қалды. Грейг қызғалдағы Қазақстанда ғана емес, әлемде ерекше орын алады. Оны Ресей Орман қауымдастығының президенті Сэмюэль Алексеевич Грейгтің құрметіне атаған. Қызғалдақтың бұл түрі ХІХ ғасырдан бері селекцияда кеңінен қолданылады, одан екі жүзден астам элиталық қызғалдақ сорттары алынды, олардың кейбіреулері Голландияда өзінің көркемдігімен туристердің көз қуанышына айналған. Сондай-ақ, Еуропаның көптеген ботаникалық бақтарында өсіріледі.
Десек те, сол жаңа сұрыптар өзінің табиғатына тән қасиетін, әдемілігін, нәзіктігін дәл қайталап бере алмайды. Бұл мүмкін де емес. Себебі, табиғатты Жаратушы шебер жаратқан, ғалымдар оны қанша еңбектенсе де сол қалпында қайталауға қауқарсыз. Қолдан өсірілетін сұрыптар 2-3 немесе 5 жылда қайта жаңартып отыруды талап етеді. Сондықтан, жеріміздегі қызғалдақтардың табиғи таза түрінде сақталуына жағдай жасаған жөн. Ол жағдай, ең алдымен, адамдардың қоршаған ортаны қорғау мәдениетінің қалыптасуымен дұрысталады. Бұрынғы қызғалдақ өсетін алқаптар қазір басқа мақсатта пайдаланылып, өсімдіктің өсу заңдылығына нұқсан келуде. Табиғи ортасы бұзылса, олардың бүкіл қасиеті жойылады. Зер салсаңыз, бұрынғы сайын даланың төсін жапқан қызыл алқаптардың көлемі жыл өткен сайын кішірейіп, қыр мен төбелерде ғана қалғанын байқайсыз.
Қызғалдақ үшін салынатын айыппұлдың көлемі көп деп аттандап, дау тудырып дүрбелең салдық. Біріміз ақтап, біріміз даттадық. Десек те, осындай іс-шаралармен, насихат жұмыстарымен ғана осы бағалы гүлдің қадіріне жететіндейміз.
Қып-қызыл сұлулыққа көзімізді суарып қайтып келеміз. Жол бойында жағалай тоқтаған көліктер. Жүгіре жөнелген балалар. «Жұлмаңдар» деп дауыстаған аналар. Қызғалдақты қызықтайды, тамашалайды, суретке түседі, бірақ ешбірі жұлмайды. Бір оқиғадан бір сабақ деген осы болар.
P.S. Жапониядағы сакураның гүлдегенін көруге жергілікті халық тегіс жиналады. Тіпті, әлем мемлекеттерінен осы құбылысты тамашалау үшін жапон аралдарына ағылатын адамдардың қарасы қалың. Келешекте көктемнің санаулы күндерінде ғана қызғалдақ көмкеретін, ажары ашылатын даланы, ғажап көріністі тамашалау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылса деген тілек бар. Біздікі ұсыныс, оның жобаға айналуы, жүзеге асуы келешектің еншісінде деп сенейік.
Нұрила ШЫНӘДІЛ