«Лас ақша», тіл мәселесі және киік қырғыны
Батыс баспасөзі шетелдік «лас ақшаның» ізін жасыру әрекеттеріне қатысты Ұлыбританияда жүргізілетін алғашқы тексеру «ортаазиялық саясаткерден» басталғаны, Қазақстандағы тіл мәселесі мен киік қырғыны туралы жазған.
ҰЛЫБРИТАНИЯДАҒЫ ЖАҢА ШАРА
Британдық Financial Times газеті «Ұлыбританияда азиялық саясаткер лас ақшаның [ізін жасыруды тексеруге] ілікті» деген мақаласында қаңтардың аяғында Ұлыбританияда заңсыз жолмен алынған ақшаның ізін осы ел арқылы жасыру әрекеттерін тексеретін жаңа процедура қолданысқа енгізілгені туралы жазған.
«Ұлыбританиядағы екі элиталық жылжымайтын мүлік пен ортаазиялық саясаткер» түсініксіз байлықты тексеру үшін берілетін ордердің» (UWO) алғашқы нысанына айналды. UWO – Лондон арқылы заңдастырылып жатқан лас ақша легін тоқтатуға тырысқан жаңа амал. Өткен сәрсенбі күні ұлттық қылмыспен күрес агенттігі 22 миллион фунт стерлингке UWO салуға және түпкі қожайыны «белгілі саяси тұлға» саналатын екі жылжымайтын мүліктегі активтерді сақтық шарасы ретінде бұғаттауға қол жеткізгенін жариялады, бірақ бұдан өзге ешқандай қосымша жайттарды хабарлаған жоқ» деп жазған Financial Times.
UWO истеблишментке, яғни Еуропа экономикалық кеңістігіне кірмейтін елдерден келген шетелдік саясаткерлер мен олардың отбасылары немесе ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар деген күдікке іліккендерге қатысты ықпал ету шарасы ретінде қолданылатын болады. Шын мәнінде, бұл ордердің арқасында енді күдіктілер кіріс көлеміне сай еместігі анық байқалатын активтерінің қайдан келгенін түсіндіруге мәжбүр болады, ал тергеушілер оны дәлелдеу ауыртпалығынан құтылады. Құқық қорғаушылардың көбі оны «коррупцияға батқан шенеуніктерге енді олардың активтері Ұлыбританияда қамсыз-қаперсіз жатпайтынын ескертетін жолдау» деп атап, шараны құптап жатыр.
ОРЫС ТІЛІ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР
Наурыздың 1-і күні Ұлыбританияның Reuters жаңалықтар сайтында «Ақыры Қазақстан үкіметте орыс тілін қолдануға тыйым салынған жоқ деп шықты» деген мақала жарияланды. Онда «парламент пен үкіметтің қызметі тек мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс» деп, ал оны жетік білмейтіндер үшін ілеспе аударма жасауды ұсынған Қазақстан президентінің осы аптаның басындағы мәлімдемесіне қатысты комментарий жазған.
«Ертеңінде тікелей эфирден көрсетілген апта сайынғы жиынында кабинеттің бір мүшесінен өзгесінің бәрі қазақша сөйледі. Бірақ ішінде сенат депутаты әрі Назарбаевтың қызы Дариға да бар жоғары лауазымды тұлғалар [президент] нұсқауын «жұрт дұрыс түсінбей қалған, ол орыс тілін қолдануға тікелей тыйым емес болатын» деп мәлімдеп шықты. […] Бұған қоса, Назарбаев әкімшілігі де ресми мәтінді түзетіп – оның мемлекеттік істердің бәрі «тек мемлекеттік тілде жүргізілсін» деп бұйырған сөзінен «тек» деген сөзді алып тастап жариялады» деп жазған Reuters.
«Назарбаевтың нұсқауын қазақ тілді [азаматтардың] көбі құптап, әлеуметтің жағымсыз реакциясы онша байқалмағанымен, Ресейдегі кей ақпарат құралдары бұл қадамды этникалық орыстардың құқығын шектеу ретінде сынап жатыр» деп жазған Reuters.
Бұған дейін, ақпанның 27-інде Reuters сайты «Аудармада жоғалып кетті ме? Қазақстан басшысы [министрлер] кабинетінің орысша сөйлеуіне тыйым салды» деген мақаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың әуелгі сөзіне қатысты реакция жайлы жазған болатын.
«Министрлер кабинеті жиындарында орысша сөйлеуге салынған тыйым күшіне енген сейсенбі күні Қазақстан Мәскеудегі бұрынғы саяси қожайындарымен мәдени байланысын тіпті азайтты. Бірақ министрлердің көбі ана тілі – қазақ тілінен гөрі осы тілін артық көреді» деп жазған Reuters.
Ағылшын тілінде шығатын EurasiaNet сайты «Қазақстан: тіл мәселесіне президенттің қызы араласты» деген мақаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың әлгі сөзіне қатысты комментарий жазған.
https://www.azattyq.org