ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ — МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МҰРАТЫ

Егемен еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында Қазақстанның Үшінші жаңғыруы басталғанын жариялаған болатын. Осылайша саяси реформа мен экономикалық жаңғырудан кейін кезекті — рухани жаңғыруға бет алдық. Мәңгілік Ел идеясын берік ұстанған Қазақстан төрткүл әлемдегі ең дамыған озық отыз елдің қатарына қосылуды ниет етуде. Осы орайда латын әліпбиіне көшу — Мәңгілік Елдің мұрат-мақсатына айналып отыр. Қазіргі таңда  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында  көрініс тапқан латын әліпбиіне көшу жөніндегі іргелі жобаға байланысты ордалы  ойлар ортаға салынуда. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өткізгені  баршаға белгілі. Онда арнайы  құрылған жұмыс тобы жаңа әліпбидің жобасын таныстырды. Осылайша ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстарды жандандыра түскен жөн. Ал 2025 жылға қарай іс қағаздарын,  мерзімді баспасөзді,оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен  басып   шығару көзделіп отыр. Жер-жерде өткен басқосуларда бұл бағалы бастаманы қызу қолдап, қуаттаған қалың  жұртшылық мемлекеттік маңызды мәселеге байланысты байыпты пікір білдіруде.

Бүгінде  жаңа әліпби жобасындағы диграфтар қоғамда қызу талқылануда. Олар біздегі кейбір дыбыстардың транскрипциясы ғана. Әліпби ең алдымен икемді, жазуға ыңғайлы болу керек. Екіншіден, әліпби тіліміздің барлық дыбыстарын қамтып, олардың нақты, айқын бейнеленуіне мүмкіндік туғызуы тиіс. Үшіншіден, бұл әліпби шетелдіктердің қазақ тілін үйренуін, қазақша оқуын жеңілдетуге  ықпал еткені жөн. Бұл үшін біз латын әліпбиінде жоқ әріптерді  шұбыртып ойдан жасай беруден аулақ болғанымыз мақұл. Бірақ, көп дыбыстарды диграфтар арқылы таңбалауға да тым әуестеніп кетпеуіміз керек.

Әрине, бұл жолда қиындықтар  кесдеспей қоймайды. Көршілес өзбек ағайындар осыған байланысты төрт рет реформа жасаған. Түптің түбінде Қазақстанның латын әліпбиіне көшетіні анық.

Латын әліпбиіне көшуден ұтпасақ, ұтылмаймыз. Әлем халықтарының 70 пайыздан астамы осы әліпбиді қолданады екен. Қазіргі  жедел өзгеріп отырған жаһандағы ғылым-білімнің, техника мен технологияның басым бөлігі  ағылшын тілі мен латын әліпбиінің негізінде жасалған. Сондықтан қазақ өз ғылымын, экономикасын дамытып, өркениет көшіне ілесуді көздесе латын әліпбиіне көшуі шарт. Бүгінде  балабақшалар мен білім ордаларында  ағылшын тілі оқытылуда. Оларға латын әліпбиі жат емес, тез үйреніп кетеді. Демек, ештеңеге алаңдамай жедел түрде жаңа әліпби жасауға тиіспіз. Мұның үстіне латын әліпбиі біздің санамызды отарсыздандыру жолындағы маңызды қадам ретінде жан дүниемізге  рухани серпіліс әкеледі.

Жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұт:

— Кейбір шетелдік саясаткерлер қазақ тілінің латын графикасына көшуінен саяси астар іздейтін көрінеді. Ал шын мәнінде бұл — білім беру жүйесін, ғылым мен технологияны дамыту мақсатында туындап отырған қажеттілік. Латын әліпбиіне, соның ішінде диграфтарға қатысты пікірталастар қоғамды бөліну мен жіктелуге әкелмеуі тиіс.

Рас, кириллицаны көпшілігіміз қимай тұрмыз. Бірақ, кезінде оған  көшкенде де біздің қазақ тілі көп сорақылыққа ұшырап, үндестігін жоғалтып алған болатын. Енді бір дыбысты екі немесе үш әріппен таңбалағанымыз  жөн. Бұл әдіс  әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылады. Мәселен, неміс тілінде солай. Үш әріптен құралған дыбыстар бар. Одан немістер күйреп, тілдері жойылып отырған жоқ қой.

Әрине, біразға дейін түсінбестік болуы мүмкін. Сыртқы күштерге төтеп берсек қана көш жүре түзеледі. Ең бастысы — алған бетімізден қайтпай, шыдас беріп, еңбектенуіміз  керек, — деген болатын.

   Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА,

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіндегі

Ақпараттық  білім беру орталығының кітапханашысы, магистрант.

           Шымкент қаласы.