«ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУІМІЗ — ДҰРЫС ТАҢДАУ»

– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылғы 26 қазанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл, шын мәнінде, халқымыздың ғасырлар бойғы арман-мұраты жүзеге асқан тарихи күн болды. Еліміздің латынға оралуы – саяси қадам, оңды шешім әрі тарихи оқиға. 

Латын әліпбиінің қажеттілігіне біздің көзіміз айқын жетіп отыр. Әуелі тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік туады. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді мүмкіндік туады. Және түбі бір түркі дүниесімен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, өзара байланысты нығайта түседі. Тұтастай алғанда латын әліпбиіне көшуіміз – дұрыс таңдау. Жастар жағы латын әліпбиіндегі қазақ жазуын тез меңгеріп алады. Мектепте ағылшын тілі оқытылатындықтан, олар латын әліпбиін тез қабылдайтыны сөзсіз. Жаңа латын әліпбиі қолдануға өте ыңғайлы, әлемдік жаңа технологияларға бейімделген, қазақ тілінің, сондай-ақ Қазақстанда тұрып жатқан басқа да сан ұлттың тілдік жағдайын қамтитын жақсы әліпби болады деп ойлаймын. Қазіргі әлем елдері дүниежүзілік өркениетке латын жазуы арқылы ұмтылып жатқан тұста біз де осы латын әліпбиі арқылы кемелдене түспекпіз. Яғни, мәдени интеграцияға латын әліпбиі арқылы жақындаймыз. Бұдан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Жалпы, латын әліпбиін игеруге бүгінгі қазақ қоғамы дайын деп ойлаймын.

Ақерке БЕРТАЕВА,
Әл-Фараби аудандық мемлекеттік кірістер
басқармасының өндірістік емес
төлемдерді әкімшілендіру бөлімінің жетекші маманы.

Шымкент қаласы.