ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ ӨТКЕН ТҮРКІ РЕСПУБЛИКАЛАРЫНАН ТӘЖІРИБЕ АЛУЫМЫЗ КЕРЕК

Қазіргі кездегі латын әліпбиіне Өзбекстан, Түркменстан және Әзірбайжан толық көшіп алды. Іргеміздегі Өзбестанды күнде көріп, күнде біліп отырмыз, әрідегі Әзірбайжанда жақында болып қайттық. Көшенің бәрі латынша жазу, ешкім ешнәрседен жаңылып немесе адасып жатқан жоқ.

 Мұны айтып отырған себебіміз «ана жақтан латынды игере алмай, зар еңіреп жазған хат келді, мына жақтан латын сор болды деген хабар келді» деген кирилшілердің сөзін баспа бетінен де, теледидардан да оқып-көріп қаламыз. Сөз жоқ, ондай хат-хабар келіп қалуы да мүмкін. Бірақ соны бүкіл өзбек не әзірбайжан халқының мұңы деп жеткізбеу керек қой. Тек латын жазуына қатысты емес, кез-келген қоғами шараға байланысты көңілі толмай немесе ағымға ілесе алмай, кемтарлық көріп жүрген жалғыз-жарым адам қайдан да болса, қай кезде болса да табылады. Оны үлкен сөзге тиек етіп керегі жоқ. Бірақ сондай жалғыз-жарым пікірдің елді даурықтырар әсері күшті болады. Әдетте істің жөніне жығылып, жаңаны жатырқамай, керісінше, оны тез игеріп алуға тырысып жатқан көпшіліктің жоғары жаққа арыз, баспа орындарына хат жолдап жату деген ойларына кіріп те шықпайды, оған уақыты да болмайды. Ал, көшке ілесе алмай немесе заман ағымын байыптай алмай қалған бірлі-жарым адамдардың көңілінде күдік қалады. Күдік қалып қана қоймайды, сол күдік жоғары жаққа арыз болып аттанып, баспа беттерінде хат болып жарияланып жатады. Сөйтіп көпшіліктің байыпты тірлігінен гөрі бір адамның айқайы басым болып шығады, өйткені ондай айқай, жасыратыны жоқ, гәзет беттерінде тез жарық көреді.

 Алайда, бұл жерде мәселенің екінші жағы бар. Түркі республикаларының латын әліпбиіне өткені дұрыс, ал қалай өтті, ол – бір басқа мәселе. Олар әліпби ауыстыруды саяси шараға айналдырып жіберді, сөйтіп асығыстық жасады. Сондықтан әліпби ауыстыру жазу реформасына айналмады. Кезінде ол республикалардың да таңба саны сол қырықтың үстінде болды. Латынға өткен кезде сол «айтулы қырық екіден» бастарын босатып алмай, кеңес дәуірінен қалған мұраны түгел қамтуға тырысты. Соның нәтижесінде олардың әліпби құрамы артып кетіп, таңба түрлері күрделеніп, емле-ереже жүйесі қиындап кеткен тұстары бар. Сондықтан да олар жаңа жазуына жол-жөнекей өзгерістер ендіріп, жазу реформасына қайта-қайта оралып жатыр.

Ал біз болсақ, сол латынға бұрын өткен республикалардың тәжірибесін байқап алуымыз керек болды. Ондай жоспар А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Астанадағы Түркі академиясында орындалды, орындалып та жатыр. Олар жіберген қатені біз қайталамауымыз керек. Ол үшін, бірінші кезекте қазақ тілінің төл дыбыс құрамын қоспасыз, таза күйінде анықтап алуымыз керек.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК