ЛАТЫН ӘЛІПБИІНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ ТУРАЛЫ
Бірінші, заман тәжірибесі әлеми ақпарат кеңістігіне өтудің төте жолы ретінде латын жазуын көрсетіп отыр. Мұны бұрын аңғарғандар — біздің информатика мамандары. Енді, міне, өзге мамандар да оларды құптай бастады. Әлеми ақпарат кеңістігіне жолын тауып ене алмай қалған елдердің даму қарқыны, сөз жоқ, бәсең болып қалмақшы. Жазуын сақтап отырған қытай мен жапонды алға тартпай-ақ қояық, олардың да ғылыми-өндірістік үрдісі сол латын негізінде дамып жатыр.
Екінші, сөз жоқ, әліпби ауыстырудың астарында, біздің пайымдауымызша, саяси-әлеуметтік мән жатыр. Орыс жазуынан қашу — көрші империяның сан ғасырға созылып келе жатқан «ағалық» ықпалынан құтылудың бір амалы екені рас. Ендеше, әңгіме кезінде орынсыз көтерілген жоқ. Мұны қазақы көпшілік қауым дұрыс түсініп отыр. Егемендіктің айғақ белгісі салтанат үстінде көрінетін дербес елтаңба, ту мен әнұран болса, күнделікті мазмұнының бірі — жазу. Жазу дегенді тек әріп жиынтығы деп қарамау керек. Жазу әліпби, таңба және емле-ережеден құралады. Әліпби — тілдің дыбыс құрамы, таңба — дыбыстың қауызы, ал емле-ереже — әліпби мен таңбаның ұлттық дәнекері. Олай болса, әліпбиі, таңбасы мен емле-ережесі үйлескен жазу тіл егемендігінің бір кепілі болып табылады.
Үшінші, тіптен, әліпби ауыстыруды былай қойғанда, қазақ жазуын бір саралап-пысықтап алатын мезгіл жеткендігін көпшілік, оның ішінде тіл мамандары, біліп те, түсініп те отыр. Ендеше бұл бағыттағы шараны тек әліпби ауыстыру деп қарамай, кең қамтып, жазу реформасына айналдыру қажет. Сондықтан әңгімені тек әліпби ауыстыру төңрегінде ғана қалдырмай немесе бір таңбаны екінші таңбаға қалай ауыстырамыз дегенге ғана саймай, жазу төңрегіндегі өзге де мәселелерді қамтып отыру керек болады.
Шынына келетін болсақ, қазақ зиялыларын әліпби айтысымен таң қалдыруға болмайды. Өйткені, қазақ жазуының тарихы — «әліпби айтысының» тарихы болып келе жатыр.
Әліпби ауыстырамыз, ал ауыстырмасақ, бірлі-жарым әріпті қосып-алып, емле «жетілдіріп», әйтеуір, құр отырмаймыз. Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлының) жазуынан латынға, латыннан кирилге көшкеніміз тарихтан белгілі. Кирилге жарлықпен бір-ақ түнде көшкеніміз тағы белгілі.
Оның үстіне елуінші жылдардың басында қазақтың ы, і, ұ, ү тәрізді төл дыбыстарын ысырып тастап, орыс тілінің и, у әріптерін алғанымыз бар. Тіптен, белгілі бір академигіміз «и, у әріптеріне қарсы шыққандардың пиғылы дұрыс емес» деп, сес көрсетіп, партия журналында дәуіріне лайық мақала да жариялап жіберген көрінеді. Ол аз болғандай, КПСС, ТАСС, ООН деп жазу керек деп, айды аспанға тағы бір шығардық. Ең соңында орыс тілінен енген сөздерді «сол тілде қалай жазылса, солай жазып, қалай айтылса, солай айту» керек деп бір-ақ тыныстадық.
Ендеше, араб, латын, орыс әліпбиінің «қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс» деген сұрақ пен «анау дұрыс, мынау бұрыс» деген жауап бұрын бастан талай өткен. Сондықтан қазір де осы үш жазудың үшеуінің де өз жақтастары аз болмай отырғандығына және олардың бір-бірімен беріспей сайысып жатқандығына таң қалуға болмайды.
Бұл басталған «әліпби айтысының» да ауқымы кең, сайыпкерлерінің арыны қатты, үні қатқыл шығып жатыр. Қалай болған күнде де арабтан латынға, латыннан орыс жазуына көшкендегі бұрынғы дәлел-долбарларға тың ұсыныс қосыла қояды деп ойламаймын. Өйткені бар-жоқтың бәрі бұған дейін, сонау отызыншы жылдары-ақ, ортаға салынып болған.
«Күнімізді көре алмай жатқанда» деп аузымызды қу шөппен сүртпейік. Шүкіршілік, еңсе көтеріп, жан-жаққа қарайтын шамаға жеттік. Мемлекетіміз ешкімге жалтақтамай, тірлік істейтін дәрежеге жетті. Енді күн көрістің ғана қамы емес, қоғами-мәдени болашақтың қамын жеуді де ұмытпау керек. Ал, шындап келгенде, білген адамға латын арқылы әлеми ақпарат кеңістігіне өту, жоғары технологияны игеру — сол күн көрістің деңгейін көтерудің ең ұтымды амалы.
Ғалым, марқұм Әлімхан ЖҮНІСБЕКТІҢ пікірінен үзінді