ЛАТЫН ӘРПІ — РУХАНИЯТЫМЫЗҒА СЕРПІЛІС СЫЙЛАЙДЫ
Қазіргі таңда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрініс тапқан латын әліпбиіне көшу жөніндегі іргелі жобаға байланысты ордалы ойлар ортаға салынуда. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өткізгені баршаға белгілі. Онда арнайы құрылған жұмыс тобы жаңа әліпбидің жобасын таныстырды. Осылайша ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстарды жандандыра түскен жөн. Ал 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді,оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығару көзделіп отыр. Жер-жерде өткен басқосуларда бұл бағалы бастаманы қызу қолдап, қуаттаған қалың жұртшылық мемлекеттік маңызды мәселеге байланысты байыпты пікір білдіруде.
Бүгінде жаңа әліпби жобасындағы диграфтар қоғамда қызу талқылануда. Олар біздегі кейбір дыбыстардың транскрипциясы ғана. Әліпби ең алдымен икемді, жазуға ыңғайлы болу керек. Екіншіден, әліпби тіліміздің барлық дыбыстарын қамтып, олардың нақты, айқын бейнеленуіне мүмкіндік туғызуы тиіс. Үшіншіден, бұл әліпби шетелдіктердің қазақ тілін үйренуін, қазақша оқуын жеңілдетуге ықпал еткені жөн. Бұл үшін біз латын әліпбиінде жоқ әріптерді шұбыртып ойдан жасай беруден аулақ болғанымыз мақұл. Бірақ, көп дыбыстарды диграфтар арқылы таңбалауға да тым әуестеніп кетпеуіміз керек.
Әрине, бұл жолда қиындықтар кесдеспей қоймайды. Көршілес өзбек ағайындар осыған байланысты төрт рет реформа жасаған. Түптің түбінде Қазақстанның латын әліпбиіне көшетіні анық. Латын әліпбиіне көшуден ұтпасақ, ұтылмаймыз. Әлем халықтарының 70 пайыздан астамы осы әліпбиді қолданады екен. Қазіргі жедел өзгеріп отырған жаһандағы ғылым-білімнің, техника мен технологияның басым бөлігі ағылшын тілі мен латын әліпбиінің негізінде жасалған. Сондықтан қазақ өз ғылымын, экономикасын дамытып, өркениет көшіне ілесуді көздесе латын әліпбиіне көшуі шарт. Бүгінде балабақшалар мен білім ордаларында ағылшын тілі оқытылуда. Оларға латын әліпбиі жат емес, тез үйреніп кетеді. Демек, ештеңеге алаңдамай жедел түрде жаңа әліпби жасауға тиіспіз. Мұның үстіне латын әліпбиі біздің санамызды отарсыздандыру жолындағы маңызды қадам ретінде жан дүниемізге рухани серпіліс әкеледі.