ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНА КӨШУДЕГІ ЕЛБАСЫ БАСТАМАСЫ
Қазақстан Республикасының сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген ел, соның ішінде посткеңестік кейбір елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», деген салиқалы ойын білдірді.
Бұл Елбасының алфавит туралы айтқаны халық арасында дүр сілкініс туғызып, егемендік жарияланғалы бері өздерінің латын таңбалары негізіндегі қазақ алфавиттерінің үлгісін жасап жүрген ғалымдар мен белсенділерге қуат беріп, латын үлгісіндегі қазақ алфавитінің ондаған түрлі үлгілері жарияланып, қазақстандықтар оны жаппай талқылап, пікіт, ұсыныстарын білдірді.
Бұдан кейін де Елбасы бұл мәселеге бірнеше рет қайта оралды. Кезекті Жолдауында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу туралы ойларын таратып айтты. «Бұл ой еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мені жиі мазалады. Бірақ біз көп ұлтты халықпыз. Әр ұлттың ой-пікірі бар. Қазіргі кириллица арқылы қазақтардың да, қазақстандықтардың да бірнеше буыны тәрбиеленіп, білім алды. Өмірді таныдық, дүниені көрдік. Сондықтан латын қарпіне көшкен жағдайда да кириллица көпке дейін қатар қолданылады, екеуі біразға дейін бірге пайдаланылады деп ойлаймын», дей келіп:
«Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл — ұлт болып шешуге тиіс қағидатты мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік меңгеруіне, ең бастысы, қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», деген болатын.
Елбасы бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарауымызды талап етті. Біздің еліміз көп ұлтты болғандықтан, латын әліпбиіне көшуді жан-жақты саралай келіп, бірте-бірте жүзеге асырудың қажеттігін ескертті. Тұңғыш Президент өзі бас болып латын таңбаларымен жасалған қазақ алфавитінің үлгілерін халық талқылауына салып, бүкіл елдің, оның ішінде ғалымдардың ұсыныстары мен пікірлерін мұқият ескеріп, асықпастан жаңа қазақтың тілдік ерекшеліктеріне жауап бере алатын, оған қоса әлемдік қолданыстағы латын әріптерін қамтыған, дүниенің төрт бұрышында жүріп те, кез-келген компьютерден жазуға болатын, екінші жақтан сол қалпынада оқуға болатын алфавит үлгісін жасауға кірісті.
Елбасы ұлттық тағдырымызға әсері үлкен бұл мәселе туралы халыққа: «Жазуды жаңа әліпбиге көшірудің мәдени-әлеуметтік, лингвистикалық, экономикалық, саяси, ақпараттық, педагогикалық себептері бар. Осы орайда, қазақ жазуын латын графикасына көшіру де мезгілі жеткен мәселе екенін қазіргі Қазақстан қоғамында болып жатқан талқылаулар көрсетіп отыр», деді.
Барлық озық технологияның тіліне айналған латын әліпбиіне көшу — еліміз үшін, өнеріміз бен мәдениетіміз үшін үлкен рухани құбылыс. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бұл мәселені таяу жылдардағы негізгі міндеттердің бірі деп бекітті. Әлемдік өркениет көшінен қалмай, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге көтерілуін қаласақ, латын қарпін қолданысқа енгізудің мәні орасан.