ЛАТЫН ҚАРПІ — ӘЛЕММЕН БІРЛЕСУГЕ ҚАДАМ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан — 2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына Жолдауында латын қарпіне көшу мәселесіне тоқтала келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл — ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруге, ең бастысы — қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», — деп атап көрсеттІ.

Бүкіл жер шарының 60 пайыздан астам адамы латын қарпін қолданады екен, дәлірек айтсақ, төрт миллиардтан аса тұрғын. Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да, мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Әсіресе, жаһанды жаппай жаулаған сандық технологиямен бірге көкжиегі тіпті кеңейе түсті. Жер бетінде латын әліпбиінің барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, салалық терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер т.б латын әліпбиімен байланысты.

 

Мына сызбанұсқада латын әліпбиінің әлемде таралуы көрсетілген. Қою-жасылмен латын әліпбиі ресми (немесе де-факто ресми) жазу болатын елдер; ал ашық-жасылмен — латын әліпбиі басқа жазулармен қатар пайдаланатын елдер көрсетілген.

Латын қарпіне көшу — түп негізімізге қайта оралу. 1924 жылға дейін араб әліпбиін қолдандық. Ал 1924-1929 жылдар ара­лы­ғында А.Байтұрсынұлы 24 әріптен тұра­тын – «жәдид», яғни жаңа әліпби түзді. Қол­данысқа енді. Сол кездегі оқығандардың пікірінше, бұл әліпби қазақ үшін ең қолайлысы болды. Десек те, 1924 жылы Орынборда, 1926 жылы Бакуде өткен сьездердің нәтижесінде, «Біртұтас түркі алфавитіне көшу» туралы бастама көтеріледі.  Негізінен, латын әліпбиіндегі жазу үлгісі – 1929-1940 жылдар арасында қолданылды. 1940 жылы 10 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізінде жаңа әліпбиге көшіру туралы» қаулы қабылданады. Бұл кезең де едәуір уақытқа созылды…
Байқағанымыздай, әліпбидің ауысуы — саяси, рухани, мәдени тұрғыдан салмақты шешімдердің қатарынан.

Алаш ардақтыларының бірі Жүсіпбек Аймауытұлы «Емлені өзгертуге жоба»атты еңбегінде «… Не­ғұрлым жазу оңайласа, соғұрлым халық мә­дениетке тез жуықтайды; бұл күнгі ғы­лымның бағыты білім беру жолын мүм­кін болғанша қысқарту; аз уақытта көп мағлұмат үйрету; оқушының кү­ші­не ти­гізбей, өте зеректігін тілемей, жұ­мыс­ын өнімді ету» деген екен. Бұл шарттар бүгінгі күні де маңызын жойған жоқ.

Латын әліпбиіне көшу туралы ең алғаш тәуелсіздік алған жылдары айтылса да, нақты шешім шығару үшін ширек ғасыр уақыт кетті. Емле ауыстыру деген асықпауды, жеті рет өлшеп бір рет кесуді қажет ететін дүние екені рас. Бірақ, дәл қазір бұл шешімнің маңызын жас та, қарт та түсініп қолдауда.

Жазушы Ә.Тарази айтқандай: «…Латын әліпбиі – қазаққа таңсық дүние емес, біздің тарихи жадымызда бар. Өткенге көз жүгіртсек, Алаш қайраткерлері бұл әліпбиді жазу-сызуда қолданды… Өркениетке ұмтылған, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мұрат еткен Қазақ елінің тарихи жадын жаңғыртып, латын қарпін қайта қолға алуы, қоғамнан қолдау тапқаны қуантады».

Нұрила ШЫНӘДІЛ