«ЛАТЫН ҚАРПІНДЕГІ КӨНЕ ҚҰЖАТТАР СЫР ШЕРТЕДІ»

Қазақ ұлты тұғырлы тіліне байланысты тағы бір тарихи шешімді қабылдаған соң, латын әліпбиінің жаңа нұсқасына пікір айтушылар көбейді. Әсіресе, тіл мамандары, қайраткерлер, ұлт жанашырлары мен бұқара халық өз пайымдарын айтып, тілдің болашағына алаңдаушылық білдіруде. Расында, тарих деректеріне қарап, дәл осындай тарихи таңдауды 90 жыл бұрын халқымыз басынан кешкенін байқаймыз. Оны растайтын құнды дүниелерді ҚР Президенті мұрағатынан арнайы алдырдық. 

1928-1940 жылдар аралығындағы қазақ елінің латынға өткен кезеңіндегі ҚР Президенті архивінен алынған маңызды құжаттарды зерделеп, халыққа қажетті тұстарын түсіндіріп-насихаттап жатырмыз.
1928-1940 жылдардағы қолданыста латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі болды, ол КСРО-ның басқа да түркі халықтарының әліпбиін латындандыруымен қатар әзірленіп, қабылданды. Сол кезде тілдің жаңа нұсқасына қолдау білдіретін қоғамдар құрылып, зиялылар, сауаты бар азаматтар жиындар, пікірталастар өткізген.

Деректерге шолу жасағанда араб әліпбиінен латынға көшу мәселелері еліміздің ұлтжанды, зиялы азаматтары тарапынан көптеп талқыланып, аса үлкен қиындықтармен іске асқандығын көре аламыз. Мәселен, 1928 жылы Қызылорда қаласында арнайы «Жаңа әліпбишілер қоғамы» құрылғаны туралы дерек бар. Қоғамдастықтың жарғысы, мақсаты мен құқықтары және міндеттері туралы құжаттар толық сақталған. Атап өтерлігі, қоғамның жарғысындағы талаптар өте сауатты жазылған. Қоғамның өлкелік конференциясының бірінде НКА Орталық Комитетінің Төрағасы Н.Нұрмақов «Жаңа латын әліпбиі – Қазақстандағы революция. Тезірек жүзеге асыру үшін жұмыстың революциялық әдісін қолдану керек. Жаңа әліпбиді жаңа іс ретінде жүзеге асыру үлкен қиындықтармен ұласады, сондықтан еңбекшілердің барлығын жұмылдыру қажет деп» атап өткен.

Сонымен бірге 1926 жылы 10 желтоқсанда «Қазақ жазуын латындандыру туралы» дискуссияда сөз алған Т. Байдилдин деген азамат қолданыстағы араб альфавитін латын жазуымен алмастыру мәселесі бұдан 60-65 жыл бұрын Әзірбайжанның ғалымы Мырза-Фатали Ахундовтың тарапынан көтерілгендігін айтады. Бірақ ол патшалық режимнің кесірінен қолдау таппағанын баяндаған.Құжаттарды қарап отырып, пікірталасушылар араб пен латын әрпінің ара-жігін ажыратып, тиімділігі мен қиындығын тайға таңба басқандай етіп түсіндірген. Айталық, араб әрпінің техникалық тұрғыда, геометрия, алгебра, химия, физика, музыка пәндеріндегі тиімсіз тұстарын жіктеп айтып берген.

Жалпы, архив құжаттарынан аңғарылатыны – ел азаматтары ұлт үшін, оның тілі, сауаттылығы үшін күн-түн демей еңбектенген. Әрине, бұл құжаттар олардың жұмыстарының бір бөлігі ғана екені даусыз. Тағы бір көңілге қуаныш ұялататыны — 1928 жылы 9-12 желтоқсанда Қызылорда қаласында өткен «Жаңа әліпбишілер» жақтастарының бірінші өлкелік конференциясында жаңа әліпбиді латын әліпбиі емес, «Қазақ әліпбиі» деп атауы.
Қазіргі таңда қазақ әліпбиінің қиындығын айтып жатқандар баршылық. Өткен ғасырға шегініс жасағанда халқымыз қиын жылдарда латын қарпін қабылдап, сауат ашып, 10 жылдан астам уақыт ұлтымыз жазып-оқыды. Сондықтан бүгінде технология қарыштаған заманда латын графикасының қазақ әліпбиін меңгеруде қиындық болмайтынына сенемін.

– 1933-1941 жылдар аралығындағы білім саласындағы ісқағаздар, Созақ аудандық атқару комитетінің жиналысы хаттамасы, Қызылқұм ауданы Жаңа Шардара ауыл советінің шаруашылық кітабы, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1937-1941 жылдардағы тігінділері бар. Н. Назарбаевтың «»Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарын насихаттау мақсатында облыстық, Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің қорларында сақтаулы тұрған, латын қарпінде жазылған әртүрлі нысандағы құжаттардың көрмесін ұйымдастырдық. Көрме облыстық мұражайда, кітапхана, мектептерде өтіп, қатысушылар латын қарпіндегі құжаттармен танысты. Онда мекеме қызметкерлері, мектеп оқушыларының көрмедегі тарихи дүниелерге қызығушылығы көп болды, сол кезде қабылданған латын альфавитімен сөздер құрастырып, тіпті көбісі еркін оқып-түсініп жатты.

Айпар АМАНГЕЛДИЕВА, 
Шымкент қалалық  мемлекеттік архив мекемесінен.