М.ӘЙТЕНОВ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСКЕ МҮШЕ ҰСЫНУ ҚҰЗІРЕТІНЕН БАС ТАРТТЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғырту жолы» атты Жолдауын жүзеге асыру бойынша өткен актив отырысында қала әкімі Мұрат Әйтенов Қоғамдық кеңес құрамын жасақтау барысында үміткер ұсыну құзырынан бас тартқанын мәлім етті.«Қазіргі таңда Шымкент қаласында Қоғамдық кеңес құрамын жасақтау жүріп жатыр.

Бүгінгі кеңестің 29 мүшесінің 10-ы не мемлекеттік қызметкер, не болмаса квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері болса, енді сайланып жатқан Кеңес толығымен азаматтық қоғам өкілдерінен құралады деген сенімдемін. Әкім ретінде менің Кеңестің 29 мүшесінің 9-ын ұсыну құзырым бар. Алайда бұл құзырымнан бас тартып, ешкімді ұсынған жоқпын. Үміткерлер өздері қатысып, тәуелсіз таңдау комиссиясы өздері шешім шығарады»,-деді әкім.

Президентіміз азаматтық қоғамды дамытуға көп көңіл бөлгенін айтқан қала басшысы Шымкентте 840 үкіметтік емес ұйым тіркелгенін, өкінішке қарай оның бәрі бірдей белсенді қызмет атқармайтынын атап өтті. Осы ретте шаһар басшысы кәсіпкерлерді азаматтық бастамаларды қолдауға шақырып, үкіметтік емес ұйым басшыларын мемлекеттік қолдаумен бірге, бизнес қауымдастықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға тиіс екенін жеткізді.