Мәдина Әбілқасымова Елбасының бастамасына қарсы ма?
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев: «2019 жылдан бастап жалақысы 25 АЕК-тен төмен жұмысшыларға салықты он есе аз төлетуді ұсынамын», – деді. Ал еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова: «Жұмыссыз азаматтардан салық жинаймыз», – деп жақында ғана айды аспанға шығарған еді. Сонда бұл қалай болғаны?
Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен ұққанымыз, жалақысы төмен қазақстандықтардың салығын азайту арқылы олардың тұрмысын түзеуге болады екен. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Елбасының бұл бастамасын қолдап отыр.
– Елбасының жалақысы 25 АЕК-тен төмен жұмыскерлердің салықты аз төлеуі жайлы бастамасы үлкен жеңілдік болмақ. Ол бизнес үшін де өте пайдалы. Мысалы, құрылыс материалдарын шығаратын компанияларда істейтін қаншама адамның, шыны керек, жалақысы онша жақсы емес. Егер біз осы реформаға көшсек, олардан алынатын салықтың мөлшері оннан бір пайызға түссе, ол ақша кәсіпкерлердің өзіне емес, жұмыскерлердің жалақысына қосылуы керек. Яғни олардың жалақысы тоғыз пайызға өсіп кетуі мүмкін, – дейді Перуашев.
Енді Мәдина ханымның мәлімдемесін ой елегінен өткізіп көрейік. Осыдан бір ай бұрын еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған Мәдина Әбілқасымова жаңа қызметіне кірісе салысымен: «Жұмыссыз азаматтарға салық салуымыз керек, – деп елді дүрліктірді.
– Бізде өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жүрген шамамен 2-3 миллион адам бар. Олар ешқандай салық төлемейді, зейнетақы қорына қаржы аударылмайды. Міндетті сақтандыру қорына да қатыса алмайды. Біз осыны реттеу үшін жаңа заң әзірлеп жатырмыз. Өзін өзі белгісіз жұмыспен қамтып жүрген 3 миллион азаматты ресми тіркеп, оларға мемлекетке салық төлетеміз, – деп кәріне мінген болатын жаңа министр.
Ал бүгінгі жиында Елбасымыз, керісінше, жұмыссыз жүрген немесе айлығы төмен қазақстандықтарға қолдау көрсету мақсатында жаңа бастама көтерді. Мұны министрдің президентке қарсылығы деп түсінеміз бе? Әлде Әбілқасымова райынан қайтып, айтқан сөзінен ресми түрде бас тарта ма?
– Мен бұл оймен келісе алмаймын. Себебі өздерін жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға, бірінші кезекте, мемлекеттен ақша сұрамай, өздері еңбек етіп жүргендеріне риза болуымыз керек. Мысалы, бүгінде базарларға барып арба итеріп немесе басқа да қарапайым жұмыстарды атқарып жүрген азаматтар көп. Біз оларға, керісінше, көмек көрсетуіміз керек. Ондай адамдардан қалай салық жинайын деп отыр, білмедім. Бұл – үлкен мәселе, – дейді Азат Перуашев.
Рас-ау. Жалықысы аз адамдар жеңілдікпен бір пайыз көлемінде салық төлейтін болса, жұмыссыз жүргендер салықты қалай және қандай пайызбен төлейді?
http://www.qamshy.kz