МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА ИГЕРІЛМЕЙ БОС ЖАТҚАН ЖЕРЛЕР МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРЫЛУДА

Мақтаарал ауданында игерілмей бос жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 70 гектар жер анықталған. Жер учаскелері бойынша салық берешегін өндіру туралы хабарламалар жолданды. Аудан аумағында жеке тұлғалардың кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдерін түгендеу жұмыстарының барысында 10 азаматқа тиесілі 5 гектарға жуық жер телімі анықталып, Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасына тиісті шара көру үшін және мемлекеттік кірістер департаментіне салық берешегін өндіру бойынша ұсыныс хаттар берілген.
Сондай-ақ тұрғын үй мақсатында 42 азаматқа тиесілі игерілмеген 6,5 гектар жер көлемі анықталып, 1 гектар жерге берілген шешімдерінің күші жойылды. Қалған жер учаскесінің иелеріне хабарламалар таратылды. Сонымен қатар, Мырзакент кентінің бас жоспарына сәйкес, Еңбекші және Жаңажол ауылдық округтерінен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мемлекет мұқтаждығы үшін 24 жер иеленушінің 140 гектардан асатын жері алынған. Оның ішінде 70 гектар жер иелері өз еркімен бас тартқан.
Одан бөлек, аудан аумағында 14 мыңнан астам аулаға 4,5 гектар жер телімі тиесілі. Бүгінгі таңда үйіргелік жерлерді игеру мәселесі өте маңызды болып тұр. Қосымша табыс көзі болып табылатын жерлерге түрлі көкөніс, бақша және мал азықтық дақылдарды, сонымен қатар жеміс ағаштарын отырғызып, пайда табуға болатындығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі