МАҢЫЗЫ МОЛ «МӘДЕНИ МҰРА»

Елбасымыздың бастамасымен ел руханиятын танып түгендеуге талай бағдарламалар қабылданды. Солардың бірі — «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы. 

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы –  жалпы адамзаттық мәдениеттің құрылымдық бөлігі, этнос, қоғам, адам парасатының дамуы мен құрылуының бастауы, тарихи естеліктердің маңызды қоймасын жасау және қорғау бағдарламасы. Ежелгі тарихтың негіздерін бүгінгі күнмен қосатын жол десек те болғандай. Әлемге еліміздің ұлттық рухани ескерткіштер байлығын паш етеді. Ең алғашс Елбасымыз 2003 жылы Жолдауында «Мәдени мұра» бағдарламасын таныстырып, бірқатар міндеттемелер жүктеген еді. Бағдарламаны қабылдағаннан кейін 2004 жылы 51 тарихи және мәдени ескерткіштің реставрациялық жұмысы аяқталып, 39 қалашық пен қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргізілді. 218 нысанды қамтыған Қазақстанның тарихи-мәдени және тарихи ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі дайындалды. Ұлттық мәдениет үшін аса маңызды 30 сәулеттік және археологиялық қосымша ғылыми зерттеулер жүргізілді.

Ұлттық мәдени мұраны толық зерттеу жүйесінің құрылуы  аса маңызды қадамдардың бірі болды. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей және Өзбекстан, Армения, Құрама Штаттар және Батыс Еуропа елдеріне ғылыми зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Олардың қорытындысы бойынша ғылыми топтарда бұдан бұрын белгілі Қазақстанның сәулеті, этнографиясы, тарихы бойынша шамамен бес мың жазба және баспа мәліметтер алынды. 350-ден астам кітап, олардың ішінде этнография, археология, тарих бойынша сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздіктер шығарылды.

Бағдарламаның жүзеге асуын мәдениет, әдебиет, философия, тарих, этнография, және тіл білімі т.б. бойынша академиялық институттар құрылуынан, бағдарламаның тиімді жоспарларының орындалуынан көреміз. Бағдарлама өз биігінен көріне алды деген ойдамыз.

А.АСҚАР