МАТЕРИАЛДЫҚ АЗЫҚ ЖӘНЕ МІНЕЗ
Жер шарындағы барлық адамға ортақ қажеттілік ол ең алдымен азық. Біз тек материалдық азықпен ғана емес, ақпараттық азықпен де дамимыз. Не жесек, сол болатынымызды осы күнге дейін ғалымдар нақты дәлелдермен дәйектеп берді. Қасиетті Құранда да «жейтін азықтарынның адалынан, зиянсыз болуына мән беріңдер» деген ескерту бар. Тіпті нәресте емген сүттің адалдығы оның тура жолдағы текті адам болып қалыптасуында үлкен рөл ойнайды. Енді осы азықтың материалды түріне психологиялық тұрғыда тоқталсақ.
Материалдық азыққа біз күнделікті тұтынатын тағам түрлері ет, сүт, нан, су, көкөністер және ауа жатады. Емес түріне адамның эмоциясы, ақпараттар, ұйқы, энергия, медитация мен ойлары. Ағзамыз азық-түлікке қаншалықты зәру болса, материалдық емес азықты да соншалықты қажетсінеді. Бұл екеуі бір-бірімен өте тығыз байланысты. Ішкен- жеген тағамның құрамы біздің мінезімізге де белгілі деңгейде әсер етеді. Өйткені оның химиялық қоспаларынан бөлек, ақпараттық қоспалары да бар. Яғни, психикамызға өмір сапасына ықпалы жүреді. Халқымыздың «Ауру астан» деуінің де мәні осында жатса керек. Мысалы, біз ең көп тұтынатын ет тағамын алайық. Көпшілігіміз малдың етін жерде оны қалай, немен асырағанына мән бермейміз. Әсіресе, қала халқы базардан дайын сойылған етті тартып алуға дағдыланған. Қасапшылар мен ет сатушыларға малды өсірерде неғұрлым шығынның аз кеткені тиімді. Сол үшін малды да, өсімдікті де көптеген дәрілер арқылы жедел өсіру әдістері кең таралуда. Оны жеген мал аз уақыттың ішінде семіріп шыға келеді. Дәрінің құрамындағы зиянды заттар мал денесіне сіңіп, ақпарат ретінде сақталады. Етін тұтынған адам да уақыт өте семіздікке бейім, артық салмақ иесіне айналу қаупі жоғары. Қазіргі таңда семіздік бүкіләлем бойынша айтулы проблемаға айналып отыр. Тағы да бір қарапайым мысал, қолда өсірілген, таза малдың еті біраз тұрған соң-ақ түсі қарайып, кепкен сайын өңі өзгере бастайды. Ал, дүкендегі еттер қанша күн тұрса да қып-қызыл балғын күйін жоғалтпайды. Әрине, мұның себебін білу аса қиын емес. Өнім өтімді болу үшін арнайы бояғыштар пайдаланылады. Тек етке емес, қызыл түсті көптеген азықтарға әр беретін бұл бояу «нитрид натря» деп аталады. Арнайы лабораториялық зерттеулердің нәтижесінде белгілі болғандай, бұл бояудың құрамында адамның гемоглобинін түсіретін зиянды элементтер бар. Ағзада гемоглобин азайса, қанға оттегі баяу тасымалданады. Бұл нәтижесінде ақ қан ауруының тууына себепші. АҚШ ғалымы Чарльз Эдуардтың зерттеуінше қауіпті ауруға шалдыққан әр баланың анасын тексергенде, осы қауіпті бояуы бар өнімді тұтынған боп шыққан.
Әлем бойынша ет өте үлкен сұранысқа ие тағам түрі. Сондықтан оны өндірушілер ешқашан шығынға ұшырамаудың амалдарын жан-жақты қарастырып келеді. Жануардың әрбір мүшесін жарамды етіп, тыйым салынған, дәмсіз органдарына дейін кәдеге асыруда. Оларды түрлі өңдеулерден адам танымастай етіп өзгертіп, иіс сезу, дәм сезу сезімдерін еліктіретін дәмдеуіштерді қосып, мүлде бөлек өнім ретінде ұсынады. Мұндай тағамдардың құрамында түрлі қалдықтар, өлекселердің болмауына ешкім кепілдік бере алмасы анық. Сондықтан да шұжықтар мен фаст-фуд өнімдерін жерде өте мұқият болу маңызды. Көпшілігіміз «ештене де етпейді», «жеп жүрміз ғой» деп бейғамдық танытуымыз мүмкін. Есіңізде болсын, тағам және оның құрамы адам ағзасына бірден әсер етпейді. Ол біртіңдеп сіңеді, құрамындағы ақпараттар денеңізге тайға таңба басқандай жазыла береді. Ақырындап ойлау жүйеміз бәсеңдейді, жүйке бұзылады. Бүйрек, бауыр, асқазан секілді ең маңызды мүшелер сыр бере бастайды. Соңында қатерлі аурулардың басты себепшісіне айналады.
Мына бір қызықты деректі қараңыз, кез келген хайуан өзіне келер қауіпті алдын ала қатты сезеді. Ұлы Отан соғысы кезінде кеңес әскері алдын ала қауіптің боларын кемедегі атжалмандар арқылы біліп отырған деседі. Қауіп төнерде атжалмандар ары-бері зуылдап тыным таппайды екен. Жануарларда инстинкт өте қатты дамыған. Әсіресе сойылатын мал сол күні түрлі дауыстар шығарып, тыпыршып белгі бере бастайды, жем шөбін жеуге зауқы соқпайды. Малдың төлін ешқашан көзінше союға болмайды. Нала болған енесінің эмоциясы бойында сақталса адам ағзасына етпен бірге тарайды. Мал екеш малға да аналық, туыстық сезімдер туа бітті берілген. Жалпы ет, қан кез келген ақпаратты өте жақсы сақтайтын күшке ие. Біздің әдеттеріміз мінезге айналып, ол бірнеше жыл өтсе де ұрпағымыздың бойынан көрінуі осының дәлелі. Мұны ата-бабаларымыз «қаны текті» немесе «қаны бұзық» деп бір ғана ауыз сөзбен сипаттаған. Сондықтан бұл мәселені мал бауыздарда да ескеру өте маңызды. Кей жануар сойыларда аянышты дауыстар шығарып, тыпыршиды, қырылдайды, иесінің сатқындығына налиды. Бұл эмоцияның бәрі жоғарыда айтқандай ет пен қанда сақталады. Сондықтан да мұсылман халықтары жануарды бауыздарда тілін кәлимаға келтіріп, Аллаға сиынып барып, алғашқы қанын ағызып жіберіп алып жеуінде үлкен мән жатыр. Өйткені қандай да бір істі бастарда Алланы ауызға алса жан тынышталады, кешірімділік танытады. Азық тұтынуда халал, харам деген ұғымдардың ең үлкен мәні де осында.
Көптеген әлем халықтарының мінез-құлқы, түр-әлпеті, болмысы өздерінің жейтін асына тәуелді екенін аңғару қиын емес. Дәлелденген зерттеулер бойынша етті көп тұтынатын кавказ халықтары мен орта азиялықтар өте қызуқанды, мінездері ауыр, күйзеліске бейім келеді екен. Бұл олардың әуендерінен де байқалады. Ал, теңіз тағамдары, көкөністерге бейім Шығыз Азия ұлттарын байқасаңыз бет-бейнесі жас әрі таза, мінездері де жеңіл көрінеді.
Әрине, мұнымен біз жеп отырған тағамдарыңыздан дәл қазір бас тартыңыз деуден аулақпыз. Тек қорегіңізді талғап, барынша өзіңізге де өзге тіршілік иесіне де зияны тимейтіндей сүзгіден өткізіп отыруға ой тастау. Күнделікті тағамдарымыз гормондық өзгерістерге өте қатты әсер етеді. Айналамен тіл табысу, мінез өзгешіліктері де ең алдымен ішкен-жегеніңізбен өлшенеді. Асқазандағы сөлдің мал етін ыдыратуға күші жете бермейді. Ет қалдықтары іште өздігінен шіріп, қорытылмай қалса шлак пайда болады. Шлактар бет-әлпеттің бұзылуына ең күшті ықпал ететін зиянкес түрі. Негізінен тағамтанушылардың ұсынысы бойынша адам ағзасына ең оңай қорытылатын әрі пайдалысы балық және құс еттері, таза су мен көкөніс шөптер. Адам осылармен-ақ ашықпай, жеңіл әрі бақытты өмір сүруіне болады. Ол үшін ең алдымен моральды дайындық қажет.
Ал, сіз қандай тағам түрлерін тұтынып жүрсіз? Денсаулығыңыз бен эмоционалдық көңіл-күйіңіз орнында ма? Таразылап көріңізші…
А. ТАСТАНБЕК