МЕДИЦИНА АКАДЕМИЯСЫ МЕН №1 КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНА АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМ ТҮЗІЛДІ

Шымкентте медицина академиясының студенттері енді алысқа сабылмай-ақ, қаладағы ауруханада тәжірибеден өте алады. Мұндай мүмкіндік Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен №1 қалалық клиникалық аурухана арасында түзілген келісім-шартқа сай туындап отыр. Енді білім ордасындағы студенттер аталған емдеу мекемесінде біліктілігін шыңдайтын болады.
Айта кетейік, академия студенттері практикадан өтіп қана қоймай, болашақта қаладағы емдеу мекемелерінде жұмыс істеуге мүмкіндік алмақ. Осы тарапта қалалық денсаулық сақтау басқармасы жас түлектерге қолдау білдіретіндігін жеткізді. Тіпті тәжірбиесін шыңдап жүрген болашақ дәрігерлер қажеттілікке байланысты ауруханадағы медициналық қызметкерлермен бірге емдеу ісіне қатыса алады.
Сондай-ақ екі жақты келісім аясында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының кафедрасындағы профессорлық оқытушы құрам №1 қалалық клиникалық аурухана мамандарымен бірігіп, ауыр халдегі науқастарды емдеу үшін консилиум өткізетін болады.
Ең бастысы келісімі негізінде біліктілігі жоғары мамандар даярлауға басымдық беріледі. Бұл үшін ауруханада практикадан өтетін интерндерді үздік дәрігерлер даярлап шығарады.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы