МЕКТЕПТІҢ ЖҮРЕГІНДЕЙ МҰҒАЛІМ

(Сарыжайлау Ерімбетов ағай жайлы бірер сөз)

«Тарыдай» болып мектеп табалдырығын имене аттаған балақайға күлімдей қарап, басынан сипап, елжіреген жүрекпен, «азамат болса» деген игі тілекпен қарсы алатын алтын жүректі адам, ол – Ұстаз. Өз баласына әркім-ақ өбектейді ғой, ал бала біткеннің барлығы үшін қам жеп, қажыр-қайратын, күш-қуатын сарп ететін бір ізгі жан болса, ол да – Мұғалім. Қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Біз үшін мұғалім бәрінен қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деп қалай дөп басып айтқан?! Бойларына мейірім мен қанағат, пайым мен парасат тұнған осы жандарға деген халық құрметі қай заманда болсын жоғары.

Ұстаз келе жатыр дегенде аттысы атынан түсіп, жаяуы жолын тосып күтіп тұратын. Үлкендер жас балаға бата бергенде «молда бол», «мұғалім бол» дейтін. Баланың шамшырағын жағуға, өмірден өз орнын табуға маңдай терін, саналы ғұмырын, өлшеусіз еңбегін сіңірген сондай ұстаздардың бірі – Сарыжайлау Ерімбетов.

Сарыжайлау Ерімбетов 1949 жылы Алғабас ауданы Жиенқұм елді мекенінде дүниеге келген. Орта мектепті туған ауылында бітіріп, Гоголь атындағы Қызылорда пединститутының химия-биология факультетіне оқуға түседі. Таңдаған саласының қиындығына қарамастан талапшылығы мен табанды еңбегінің нәтижесінде оқу орнын  үздік дипломмен аяқтады. Сосын Жиенқұм сегіз жылдық мектебінен қиын да қызықты ұлағатты ұстаздық жолы басталды.

1971 жылы Қызылордалық Қанымкүл арумен бас қосып, шаңырақ көтерді. Сыйластығына селкеу түспеген, жарастығы көрген жанды тәнті еткен, береке мен ынтымақтың талбесігін тербеткен осы шаңырақта 5 ұл-қыз дүниеге келді. Барлығына тәлімді тәрбие беріп, жоғарғы оқуға түсірді. Бүгінде бір-бір салада білікті маман болып жүрген балалары да ата-ана үмітін ақтауға барын салуда.

Қанымкүл апай да бастауыш сыныптың мұғалімі болып 40 жылдай еңбек етіп, құрметті демалысқа шықты. Қара шаңырақтағы келіні Нұржамал да апасының жолын қуып, шәкірттерге «Әліппені» танытып, алғаш қалам ұстатып жүрген ардақты мұғалім. Ұрпақ жалғастығы деген осы болар.

Сарыжайлау ағай жауапкершілігі жоғары мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметтерін атқарған.

2012 жылы абыройдың асқарында, беделдің биігінде құрметті демалысқа шықты.

Қоғамдық жұмыстардан да сырт қалмай, «ауыл биі» болды. Көп жылғы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Түрлі марапаттармен, Білім министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Әйтсе де, 2017 жылы тағдырына жазылған уақыты, санаулы сағаты, татар дәм-тұзы таусылып, бақиға аттанып кете барды.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, байсалды бейнесімен, сабырлы, салиқалы сөздерімен есте қалған Сарыжайлау ағайымыздың есімін еске түсірдік. Артында ұрпақтары, қаншама шәкірттері қалды. Әрқайсының жадында ұлағаты көп, ұстанымы мықты ұстазы жайлы құнды естеліктер қалғаны сөзсіз.

Баян ШЫНӘДІЛОВА.