МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ МАРХАБАТ БАЙҒҰТТЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Кеше Түркістан қаласында облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Қазақстан Журналистер одағы және Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалдарының бірлесе ұйымдастыруымен «Түркілер төрі -Түркістан» атты онлайн конференциясы болып өтті.
Аталмыш шараға еліміздің түрлі аймақтарынан және Түркі елдерінен 300-ден аса адам қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.
Түркістан өңіріндегі тарихи маңызы бар қасиетті жерлерді насихаттаудағы әдеби шығармалардың ролі, мүмкіндіктері мен әлеуетін жан-жақты талқылау, қастерлі құндылықтарымызды көпшілік аудиторияға әдеби, тарихи және публицистикалық тұрғыда жеткізудің тың жолдарын қарастыру мақсатында өткен шара барысында жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұттың Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен жарық көрген «Түркілер төрі — Түркістан» кітабының таныстырылымы өтті.
Жазушының 75 жылдық мерейтойы аясында өткен шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов: «Бүгінгі мерейлі күні Мархабат ағамыздың «Түркілер төрі – Түркістан» атты туындысы қалың көрермен қауымға жол тартып отыр. Бұл кітап Түркістан өңірінің өткен тарихы мен бүгінін байланыстырған құнды еңбек деп айтуға болады», — деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын тапсырды.
Сонымен қатар, конференцияға елімізге белгілі ғалымдар, қаламгерлер, сенат, мәжіліс депутаттары, аудан, қала әкімдерімен қатар Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінің жазушылары, әдебиеттанушылары қатысып, Түркістанның тарихына, оның мән-маңызына қатысты құнды пікірлер айтып, Мархабат Байғұтты мерейтойымен құттықтады.
Сондай-ақ, онлайн режимінде өткен халықаралық конференцияда Түркістан облысының киелі жерлерін насихаттау, маңыздылығын арттыру бағытындағы жоспарлар талқыланды.