МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ОНЛАЙН ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі қасиетті құрбан айтта жамағатпен бірге онлайн құрбандық шалды.
Еліміздің мұсылмандары биыл да пандемия жағдайына байланысты құрбандықтарын ҚМДБ ұйымдастырған qurban2021.kz сайты арқылы қашықтан шалдыруда.
Сүйіспеншілік пен ізгіліктің, мейірбандық пен қайырымдылықтың мейрамы тағы да құтты болсын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрбан айт мерекесімен құттықтауы
Ардақты ағайын!
Сіздерді күллі мұсылман қауымы үшін қастерлі Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – қайырымдылық пен жанашырлық, ізгілік пен имандылық сияқты асыл қасиеттерді дәріптейтін ұлық мейрам.Салт-дәстүрімізбен берік ұштасқан ата дініміз – елдің рухани тұтастығын сақтауға ықпал ететін басты құндылықтың бірі.Құрбан айт қашанда барша жұртты береке-бірлікке үндейді. Ел азаматтарын бауырмал болуға шақырып, бүкіл халқымыздың ырыс-ынтымағын арттырады.Мұсылман баласы бұл күндері отбасы амандығы мен ел тыныштығы үшін құрбандық шалып, жоқ-жітікке көмектеседі, мұқтаж жандарға қамқорлық танытады. Осындай ізгі ниет пен сауапты іс ел-жұрттың бір-бірімен етене араласуына, өзара сыйластық пен жақсылыққа жол ашады.Құрбан айттың ұлағаты мен өнегесі біздің рухани құндылықтарымызбен үндеседі. Бүгінгі мерекенің мән-маңызы осында деп білемін.Шалған құрбандықтарыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!
Айттан айтқа аман-есен жете берейік!