МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫМЕН САЗ-БАЛШЫҚПЕН ЕМДЕУ ОРТАЛЫҒЫН АШТЫ

Шымкент қаласының тұрғыны Сейітханова Гүлнұр Сейітханқызы саз-балшық ісінің маманы.
Ол саз-балшықтан қыш құмыралар жасайды және саз-балшық арқылы мүгедек балаларды емдеу ісімен бірнеше жылдан бері айналысып келеді.
Көп балалы ана 4 жыл көлемінде «Қасиетті жол» оңалту орталығында саз-балшық терапия маманы ретінде мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеу ісімен айналысып, тәжірибе жинап, уақыт өте келе жеке кәсібін ашуды жөн көрді. Гүлнұр Сейітханқызы былтырғы жылы «Бастау бизнес» жобасы аясында 21 күндік оқу курсына қатысып, сертификат алған соң «Саз балшық ісі» бойынш мемлекеттік грантқа құжат тапсырды. Нәтижесінде жобасы оң нәтижесін алып, 555 650 тг көлемінде қаржыға қол жеткізді. Қаражатқа ісін дамытуға арналған керекті құрал-жабдықтарын алып, қазіргі таңда саз-балшық арқылы емдеу әдісімен мүгедек балалардың түзеліп кетуіне біршама үлесін қосып отыр.
— Арт-терапия көмегімен адам өз сезімдерін терең түсінуге үйренеді. Тіпті, мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік ортаға тез бейімделіп, кіріп кетуіне бағыт-бағдар беріп отырады. Және креативтілік адам бойында сенімділікті оятып, оның қалыптасуына негіз болады. Қоршаған ортаны, шындықтағы болмысты өз тұрғысынан қабылдауына көмектеседі. Арт-терапияның әрбір функциясы жеке адамның үйлесімді дамуына үлес қосады –дейді бағдарлама қатысушысы.

Сонымен қатар, арт терапевт аптасына бір рет «Шаңырақ» отбасы институтында мүгедек балаларға және жағдайы төмен көп балалы аналардың балаларына ақысыз сабақ өткізеді.
Жалпы, биыл 600 адам грантқа ие болып, 1900 азаматқа «Бизнес бастау» оқу курсына жолдама берілді.