МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫ ШЫМКЕНТТІКТЕРДІ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Бүгін Шымкент қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиынға үшінші мегаполиске арнайы іс-сапармен келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қатысып, шымкенттіктерді Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Жиында сөз алған Қырымбек Көшербаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында толағай табыстарға қол жеткізіп, тиімді мемлекет ретінде қалыптасқанын және әлемдік қауымдастықтан лайықты орын алғанын атап өтті.

–Біз – ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халықпыз. Бүгінгі мемлекетіміздің қарқынды дамуы – тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай білгеніміздің жемісі. Сондықтан бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болғанда ғана Тәуелсіздіктің туы мәңгі желбірейтінін естен шығармағанымыз абзал, – деді Қырымбеке Елеуұлы.

Мемлекеттік хатшы отыз жылда қазақ халқы асыққанына жетіп, аңсағанын көргенін, Тәуелсіздік ұлттық намысымызды оятып, қазақты әлемге азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде танытқанын айтты. Ол ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен егемен ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт екеніне де тоқталып өтті.

– Бүгінгі ұрпақ Тәуелсіздік киесін қастерлеп, мәртебемізді асқақтатқан азаттықтың қадірін бағалай білуге, сол арқылы ұлт пен тарих алдындағы жауапкершілігін жете сезінуі тиіс. Біздің алдымызда Тәуелсіздік сыйлаған даңғыл жол жатыр. Сол жолда жаңа асуларды бағындыру міндеті тұр. Тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау – біздің басты мақсатымыз. Тәуелсіздік жылдары еліміз, оның ішінде Шымкент қаласы қарқынды дамыды, — деді Мемлекеттік хатшы.

Мемлекеттік хатшы Тәуелсіздік жылдары еліміздің шекарасы бекемделгенін, Қазақстан Қарулы Күштерінің қорғаныс қабілеті нығайғанын, әлемнің 138 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанымызды және ішкі жалпы өнімі 17 есе өскеніне тоқталды.

Қ.Көшербаевтың айтуынша, Тәуелсіздік жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлттық мұрамызды қайта түлетге жол ашты. Осы жылдары сонау қиын-қыстау кезеңде атамекенінен еріксіз кетуге мәжбүр болған қандастар қайта оралған. Сондай-ақ, ол Тәуелсіздіктің арқасында тұралаған өндіріс орындары мен ауыл, мәдениет пен білім беру ісі жаңаша ұлттық сипатта қайта жаңғырғанын атап өтті. Нарықтық қатынастарға көшу адам психологиясын өзгеше өмір сүруге үйреткеніне тоқталған Мемлекеттік хатшы соның нәтижесінде Қазақстан үлкен жетістіктерге жеткенін айтты.

Қырымбек Елеуұлы Шымкент эинфрақұрылымы дамыған ірі өндірістік-индустриалдық қала дей отырып, Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Шымкентке республикалық мәртебе берудегі тарихи шешімі қаланың екінші тынысын ашып, экономиканың дамуына қарқын бергенін атап өтті.Жиында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов те сөз алып, тұрғындарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

–Аяққа нық тұрып, әлеуметтік мәселелерді жедел шешіп, осынау алқалы ортада жеткен жетістіктер туралы ауыз толтырып айтып отырғанымыз және болашаққа нақты жоспар құруымыздың бәрі де Тәуелсіздіктің арқасы. Еліміздің жарқын болашағына қосқан әрбір үлесіміз Қазақстанның тұғырын бекітіп, келешекке сеніммен қадам басуына серпін береді деген сенімдеміз. Тәуелсіздіктің маңызы Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» қағидатында толықтай қамтылды. Еліміздің ендігі арқа сүйері – азат ойлы, жаңашыл әрі отаншыл азаматтары, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Салтанатты жиын барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан, өз ісінде үздік атанып, адалдығы және кәсіби біліктілігімен өзгелерге өнеге бола білген бір топ азаматтарды жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады. Азаматтарға «Барыс», «Парасат» «Құрмет», «Еңбек даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалдары, «Еңбек ері» атағы және Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасы табыс етілді.

Марапатталғандардың арасында ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер мен мұғалімдер, полицейлер мен өрт сөндірушілер, журналистер, мәдениет және әлеуметтік сала қызметкерлері, түрлі өндірістерде еңбек ететін инженер, құрылысшы, механик, слесарь мен қоғамдық көлік жүргізушілері және қарапайым жұмысшылар да бар.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ.