МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ — ЕҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

     Мемлекетімізде қазіргі таңда ана тілін білу, оны үйренудің қажеттілігі жайлы орасан зор жұмыстар жүргізілуде.

    Бауыржан Момышұлы атамыз: «Тілін білмеген — түбін білмейді» деген.  Шынында, тілін білмеген адам өз халқының тарихын, дәстүрін, мәдениетін өз тілінде сезініп, терең  бойлай алмайды. Ол үлкен  қасірет емес пе?  Сондықтан әр адам ана тілін көзінің қарашығындай сақтауға, білуге тиіс. Болашағымызды  баянды етер қаруымыз — бұл ана тіліміз.

    Тіл  қатынас құралы болғандықтан қарым-қатынас, өзара әрекет сол тіл  арқылы  дамиды. Қазақ тілі – қазақ халқының әдеби тілі және мемлекеттік тілі. Қазақ тілі — дүниедегі өзге де тілдермен салыстырғанда өте бай және көркем  тілдердің бірі.

     Әрбір қазақ, ез елінің  патриоты  болып, өзінің ана тілін құрметтей, сыйлай білуі  керек. Өз ана тілінде сөйлей алуы керек.

Тіл-халықтың жаны, сәні. Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен дәстүрі.       

    Елбасымыз Нұрсұлтан  Назарбаев: «Менің ел басшысы ретінде де, қазақ ретінде де, парызым қазақ тілін өсіп өркендету… Қазақ елі барда қазақ тілі болады, өседі, өркендейді» — деп айтқан болатын.

     Тәуелсіз елімізде «Тілдерді қолдану және дамыту бағдарламасы» дайындалды.

    Тіл қай ұлтта болса да, қай елде болса да, қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамның  бойына ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл  байлығы — әр елдің мақтанышы.

   Ол — атадан балаға мирас болып қалған баға жетпес мұра. Сондықтан да, әр адам ана тілін қадірлеуге міндетті, оны шұбарлап сөйлеуге жол бермеуі керек.

  Мемлекеттік тілді дамыту – еліміз үшін ең маңызды мәселе. Тіл — ата-баба аманаты. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа ұласқан, бабадан балаға жалғасқан ұлы мұралардың  ұлысы алдымен әр ұлттың тілі ғой. Ендеше ата-баба мұрасын жалғастыру, оның мәртебесін көтеру – баршамыздың  міндетіміз, парызымыз.

СЕЙДЕЛХАНОВ Бауыржан,

Т.Бердияров атындағы №20 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі. Түркістан облысы, Келес ауданы