МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚОЛДАУЫМЕН ОРАМАЛ ТІГУ КӘСІБІН АШТЫ

 

Мемлекет басшысының Үкімет жұмысындағы басым бағыттардың бірі ретінде жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуді белгілегеніне де біраз жылдар өтті. Қазіргі таңда мемлекеттің қолдауымен кәсіп бастап, жемісін жеп отырған қыз-келіншектердің көбейгені қуантады.

Шымкенттік Мариям Еркінбекова орамал бизнесін дөңгелетіп отыр. Көпбалалы ана алдымен жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, 3 айлық тігіншілік курсты оқыпты. Сөйтіп тігіншілік кәсіптің қыр-сырын үйренеді. Атамекен Палатасының «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы 505 мың теңге грантты ұтып алады. Биылдан бастап, орамал, тюрбан тігуді қолға алды. «Атамекен» ҰКП жүзеге асырып отырған шағын несиелеу тәсілдерінің артықшылығы кепілдік беру бойынша икемділік, кепілдікті қамтамасыз ету, кәсіпкерлерді оқытудан бастап оларды жүзеге асыруға дейін бизнес-жобаларды қолдау, кооперация мүмкіндіктері және тікелей өткізу болып табылады.
– Алғашқыда жұмыс бастау оңай болған жоқ. Келушілердің назарын әлеуметтік желілердің көмегі арқылы (mariam_turbans) тарттым. Сөйтіп алушылардың қатарын жинадым. Қазір кәсібім жайлап дамып келеді. Көбіне сұраныс қала аумағындағы қыз-келіншектерден түседі. Өзге өңірлерден қызығушылық танытып жатқандар да бар. Ауылдарда қазақы ұлттық нақыш жақсы сақталған. Той көйлектерінен гөрі, камзол, көйлекті орамалдармен үйлестіріп алады, – дейді Мариям Әбибуллақызы. Шебердің қолынан шыққан отандық өнімнің қай-қайсысы да әдемі. Өзі тігеді. Өзі гүл өрнегін салып, түрлі ою-өрнекпен көмкереді. Мариямның инстаграм парақшасында тюрбанның 50-ге жуық түрі бар. Бағалары да қолжетімді. 2000 теңгеден басталады. Сапалы матадан жасалған аксессуарлар жас келіндердің басында желбіреп жүр. Орамал жараспайтын әйел бола ма? Мариям карантин біткен соң шашақты, ою-өрнекті, таспен көмкерілген үлкен орамалдар тігуді қолға алмақ.