«МЕН БАҚЫТТЫ БОЛА САЛАМ БІР КҮНІ…»

Алматы теміржол вокзалы. Вокзал басы ығы-жығы халық. Бірі пойызға үлгермей қалмайын деп жанталасып жүгіріп бара жатса, екіншісі жақынын шығарып салып жатыр, бір топ енді келетін пойызды тағатсыздана тосып тұр. Вокзалдағы дауыс зорайтқыштан «Құрметті жолаушылар, он бес минуттан кейін Алматы-Семей  бағытындағы пойыз орнынан жылжиды» деп хабарлануда. Жаңа ғана Алматының кептелісінен әзер дегенде өтіп, пойызына жайғасқан Алтынның көңілі әлі де тынышталар емес. Біреуді күтіп отырған секілді. Заттарын купеге қойып, жеңіл сөмкесін асынып сыртқа шықты. Шілденің шіліңгір аптабы күйдіріп тұр. Дүкеннен жолда жейтін тамақтарын алып жетінші вагонның есігіне келді. Жүрегі құрғыр тыныштық таппай әлі де күтуде. Ішкі сезімі «Ол келеді, ол міндетті түрде келеді» деп сыбырлайтындай. Пойыздың жүруіне 10 минут қалғанда телефоны шар ете қалды.

-Алло!

-Алтын, қайдасың? Мен келдім.

-Мен 7-ші вагонның алдындамын.

-Күте тұр. Қазір барамын.

Алтынның жүрегі дүрсілдеп кетті. Көңілі алдамапты. Ол келді. Қазір қалай қоштасады? Не болады? Бұл не деуі керек? Жауабы жоқ сансыз сұрақтардың құрсауында қалған қызды Жігердің дауысы селк еткізді. Қолында түрлі сусындар мен тәттілер салынған қалтасы бар.

-Алтын, сәлем! Халің қалай?

-Сәлем!

-Үлгермей қаламын ба деп қорықтым. Кешір, сені вокзалға өзім шығарып салам деп ем, шаруаларым шығып қалды.

-Оқасы жоқ. Таксимен қиналмай жетіп алдым.

-Ммм… Жақсы болған екен. Пойыз қашан жүреді?

-7-8 минуттан кейін.

— Алтын, тіпті не дерімді де білмеймін. Сені шығарып салуға келгенім дұрыс не бұрыс болғанын да білмеймін. Сенің мен туралы не ойлайтыныңды да білмеймін. Бірақ барлығы үшін кешірім сұраймын. Менен ағаттық кеткен болса, көңіліме тиген жерім болса кешір.  Жолың болсын!

-Уақыт тауып келгеніңе рахмет! Ал, өмірде жолың болсын! Аман бол! Соңғы сөздерін әрең айтқан Алтын көмейіне тығылған өксікті сездірмеуге тырысып, өтірік күле берді. Қолын ұсынып Жігермен жымиып қоштасты. Әкелген тәттілеріне рахметін айтып вагонға кірді. Сәлден кейін пойыз орнынан жылжи бастады. Жас қыз қол бұлғап қоштасып тұрып, көзінен жасы еріксіз домалай берген…

…Жігер мен Алтынның қалай танысқаны екеуінің де есінде жоқ. Ортақ достары көп болғандықтан жақыннан араласып кеткен. Екеуі бір ауданда тұрғанымен бөлек-бөлек мектепте оқыды. Алғашында екеуі тез тіл табысып, әңгімелері жарасып, жақын достарға айналды. Бір-бірімен сырласып, қызықтарын айтып жап-жақсы дос болып жүрген. Жігер өте мәдениетті, артық қылығы жоқ тәрбиелі жігіт болса, Алтын да өте ұқыпты, тәртіпті, қылтың-сылтыңы жоқ қыз еді. Екеуі мінездерінің ұқсастығымен де жақын араласып кеткен болса керек.

Бір жылдың төлдері мектепті бірге бітірді. Бірнеше жыл достасып, мұңын да сырын да бөлісіп жүрген жастардың арасында ешқашанда махаббат туралы, сезім туралы әңгіме болған емес. Бірақ… тура соңғы қоңырау мерекесі күні Жігер Алтынға өз сезімін білдірді. Іштей досын ұнататын Алтын бұл күнді ұзақ күткен еді. Бірін-бірі сөзсіз, тек жанармен ұғысқан жастар сол күні қол ұстасып бір-біріне махаббат уәдесін берді. Өлім ажыратпағанша айырылыспауға сөз байласты.

Түлектер соңғы емтихандарын тапсырып, қолына құжаттарын алып арман қуып әр қалаға аттана бастады. Жігер бұрыннан армандап жүрген Алматыға кетсе, Алтын Нұр-Сұлтан қаласына аттанды. Қос ғашық қанша жерден бірін-бірі қимай, жаны қиналса да болашаққа деген жоспары, сенімі солай жасауға мәжбүр етті. Бірінші жылы екеуі де сағына, зарыға уақыт өткізетін. Сабақтан қолы қалт еткенде ұзақ уақыт телефонмен сөйлесетін. Таңды таңға ұрып сағаттап не айта бергені өздеріне мәлім ғашықтардың арасын ұялы байланыс пен әлеуметтік желілер жалғап тұрғандай. Бірінші курс аяқталып студенттер демалысқа шығып ауылдарына тарай бастады. Бірақ Жігер ауылға қайтуға асықпады. Алматылық достарының қолқалауымен біраз уақытқа қалып қойды.Көңілі алып-ұшып, ауылға қуана жеткен Алтын жігітінің бұл қылығын түсіне алмады. Адамның ойы өзгерем десе демде екен. Бойжеткен «Ол Алматыдан басқа біреуді тауып алған, мені жақсы көрмейді» деп ойлай бастады. Өзі ақылды,сұлу қызға көз салушылар да аз емес-тін.  Жігітінің бұрынғыдай жиі хабарласпай кеткені, қоңырауларға жауап беруі қиындағаны жас қыздың ашуын келтіретін. Күннен-күнге көңілі суи бастағандай ма? Бір күні телефонды қолына алып «Енді маған хабарласушы болма. Бақытты бол» деп жазып жіберді.

Барлық емтихандарды ойдағыдай тапсырып, бірінші курсты үздік бітірген Жігер алматылық достарының үйінде кезек-кезек қонақ болып, қыдырып, сүйген қызына жеткілікті көңіл бөле алмай кеткенін өзі біліп жүрген. Тағы 2-3 күнде ауылға қайтып, олқылықтың орнын толтырармын деп жүргенде Алтыннан келген смс ұйқысынан шошып оянғандай әсер етті. Хатты оқығанда біреу үстінен мұздай су құйып жібергендей болды. Мұнысы несі? Мен не істеп қойдым? Деген сауалдар миында айнала берді. Жалма-жан қоңырау соғып еді «Телефон байланыс аясынан тыс жерде» деген жауап алды. Алматыдағы соңғы күндері дел-сал өткен күйде Семейге оралды. Келгеннен кейін қызбен кездесіп сөйлесуге әрекет жасады. Бұл уақытта құрбыларының кеңесіне әбден «сусындаған» Алтын оны көргісі де, естігісі де келмейтіндей жағдайда еді. Жігіт жаз бойы қанша тырысса да сүйген қызымен бетпе-бет сөйлесе алмады. Тіпті гүлін көтеріп қыздың үйіне де барған. Бірақ пайдасы болмады. Тамыз айының ортасында екеуі де оқуларына аттанды.

Бірін-бірі сүйген ғашықтар екі жыл бойы сөйлеспей, араласпай кетті. Ол уақыт ішінде екеуі де ешкіммен сөз байласа қойған жоқ. Іштей бір-бірін ұмыта алмай жүрген. Тек университетті бітірер жылы Алтын ақыл тоқтатып, өзінің қателігін мойындап, екеуі қайта сөйлесе бастады. Бұрынғыдай алып-ұшқан мөлдір сезім жоқ. Төрт жыл бойы қала көріп, адам тани бастаған екеуінің қарым-қатынасын қыз бен жігіттен гөрі достар деуге келетін.

Жігер оқуын бітірген соң Алматыда қалса, Алтын Семейге қайтты. Екеуі де жұмысқа орналасты. Бұрынғыдай жиі хабарласуды қойды. Бірақ екеуінің де ішінде «болашақта бірге болармыз» деген үміт жоқ емес еді. Бірде Алтын бір өтінішпен Жігерге хабарласты. Әдеттегіден қысқа сөйлесті. Сол қоңыраудан кейін мүлде хабарсыз кеткен. Алтын да хабарласпады, Жігер де мұны іздей қоймады. Арадан 5-6 ай өтіп кетті.

Бірде Алтынның үйіне ауылдағы бір сыныптас құрбысы Динара келді. Көптен бері кездеспеген  екеуі ұзақ сырласты. Кенет Динара «Алтын, айтпақшы, Жігердің үйленгенін естідің бе?» деп тарс еткізді. Алтын не дерін білмей құлағы шыңылдап кетті. Жан дүниесі астаң-кестең болды. Қаншама уақыттан кейін өзінің Жігерді әлі де жақсы көретінін, ұмытпағанын түсінді. Бірақ Динараға сыр білдірген жоқ. Бақытты болсын деп күлді де қойды. Іші алай-дүлей, сырты бүтін, іші түтіннің нақ өзі болды. Бірнеше күн бойы өз-өзіне келе алмады. Оның неліктен бұлай жасағанын түсіне алмай дал болды. Уақыт емші Алтынның жан жарасын толық жазбаса да ұмыттырғандай болды. Арадан 6 ай өткенде Алтын іссапармен Алматыға барды. Жұмыстан бос уақытында ондағы достарымен кездесіп қаланы аралады, Көк-төбе, Медеуге барды.

Ертең Семейге қайтамын деп отырған кеште Мақсат қоңырау шалды. Мақсат – Жігер мен Алтынның ортақ досы. Алматыда тұрады. Алтын Алматыға барған күні бірге тамақтанған. Сонда ол Жігердің балалы болғанын, басқа достарының да жаңалықтарын бөліскен. Екі кештің ортасында қоңырау шалған Мақсат Алтынға Шымбұлаққа барып түнгі Алматыны тамашалап қайтуға ұсыныс жасады. 10-15 минутта дайындалып тұруын өтінді. Өзі опа-далапқа, сән-салтанатқа онша құмар емес Алтын тез-тез дайындалып, белгіленген уақытта аулада Мақсатты күтіп тұрды. Бірақ Мақсат жалғыз келген жоқ. Жігермен бірге келіпті. Мұндай кездесуге дайын емес Алтын оны көргенде абдырап қалды. Барынша салқынқандылық танытуға тырысты. Үшеуі Шымбұлаққа шығып таудың әсем табиғатымен тыныстады. Жігер мен Алтын жолай Мақсатты үйіне қалдырып, Алтынның тоқтаған қонақ үйіне бара жатты. Екеуінде де үн жоқ. Алматыны жақсы білмейтін Алтын көліктің қаланың сырт жағына кетіп бара жатқанын сезгенімен ештеңе демеді.  Әлден уақытта көлік бір жерге келіп тоқтады. Сөйлескісі келетіндей. Бірақ әңгімені бастауға ешкімнің батылы бармады. Алтын көп нәрсені сұрағысы, білгісі келді, шешіліп сөйлескісі келді. Брақ ештеңе дей алмады. Ауа жетпей өкпесі қысылғандай болған соң көліктен түсіп кетті. Артынан Жігер де түсті. Арадан біршама уақыт өтті. Бойы тоңазып, өзінің шаршағанын сезген қыз:

-Мені қонақ үйге апарып тастайсың ба?

-Әрине. Кеттік.

Екеуі үн шығармаған күйі қонақ үйдің алдына келді. Көлікте отыра берудің мәні жоғын түсінген Алтын ішке кіруге ыңғайланды. Сонда ғана Жігер бірінші рет тіл қатты.

-Алматыда қанша боласың?

-Ертеңгі пойызбен Семейге қайтамын.

-Онда вокзалға өзім шығарып саламын.

-Жарайды. Сау бол!

Бөлмесіне келгеннен кейін Алтын ұзақ ойланды. Өткен күндерді, кешегі  түнді, жалпы барлық оқиғаны ой елегінен өткізді. Ойлап қараса Жігер мен Алтын жігіт пен қыз болып кездесті деген аты болмаса бір-бірінің бетінен сүймеген,амандасқаннан бөлек артық қол ұстаспаған екен.Екеуінің арасында бәрі шынайы, пәк болғанын енді түсінді. Қазіргі сезімі махаббаттан гөрі қимастық деуге болатындай сезім екенін шын ұғынды Алтын. Өзін жеңіл сезініп ұйқыға кетті…

Вокзалға өзім шығарып салам деген Жігер аяқ астынан шаруалары шығып қалып, Алтынға такси жіберген. Өзі үлгерсе баратын болып келісті. Шаруаларын аяқағаннан кейін сағатына қарап еді пойыздың жүруіне әлі жарты сағаттай уақыт бар екен. Теміржол вокзалына жақын жерде жүрген еді, бірден сонда тартты. Пойыз әлі кетпепті…

Купеде ағыл-тегіл жылап ішіндегі реніш, қимастық, өкпенің бәрін шығарған Алтын іші босап ширап қалғандай еді. Енді өткен күннің елесімен өмір сүруге болмайтынын түсінген қыз «Мен бақытты бола салам бір күні» деп тақпақтай берді…

Әсел АЛМАСҚЫЗЫ.