МЕН — ҚАЗАҚПЫН, БИІКПІН, БАЙТАҚ ЕЛМІН

Ғасырлардың сан мыңдаған көшіндегі қазақ халқының даму тарихы өзгеше. Азаттықтың ауыр жолында тағдырлары өлшеусіз күреспен өткен қазақ ұлтының жанының тек еркіндікті аңсауы да осыдан болар. Ұшы қиыры жоқ кең далада көсілген, емін-еркін өмір сүріп сол даланың тарланына айналған қазақ үшін дархан даласынан артық қымбат не болсын?! Қыран бүркіт асқар таудың шыңынан кең далаға қанат қағып, қалықтап ұшқан сәтінде өзін қалай еркін сезінсе, табиғат берген жаратылысына сай тіршілік етсе, сол табиғаттың ажырамас бөлігі адам да дәл солай тумысынан еркіндікті аңсайды, азат өмір сүруге құштар.

Алайда қазақ ұлтының тағдыры еркін өмірге қиян-кескі күрес пен көптеген құрбандықтың арқасында ие болды. Қазақ ұлты тарихында өлшеусіз қиындықты басынан өткерді, аяусыз езгіге ұшырады. Азғындардың озбырлығына тап келіп, билік үшін тартысқан жандардың кәріне ілінді.Тарихтың өткен беттері қазақ үшін ұлты жолында құрбан болған арыстарының қанымен жазылып, жасымен жаңғырды. Дегенмен «тәуелсіз» деген ұлы атауға ие болу үшін, «қазақ» деген атына сай болу үшін талпынды, осы жолда күресті һәм өз жандарын құрбан етті.Талай боздақтарымыз халқын бостандық таңына жеткізуді армандап, сол жолда шәһит болды.

Ұлтымызды түп тамырымен жою мақсатында жасалған түрлі әккі әрекеттер, саясатта орын алған қу тірліктер ұрпақ санасына жойқын соққы бергенімен халқымыздың діні мен тілін жоюға шамасы жетпеді. Жұбан Молдағалиев атамыздың:
Мен – қазақпын, биікпін байтақ елмін,
Қайта тудым , өмірге, қайта келдім.
Мен мыңда бір тірілдім мәңгі өлмеске-
Айта бергім келеді, айта бергім!

деген өлеңі тәуелсіздігіміздің айқын белгісі іспеттес.

Қазақ Елі! Әрдайым әр қазақтың жүрегінде жалындаған ұлы есім. Тарих тереңіне үңілсек дәл осы есім қазақтарға қастерлі болған қымбат дүние еді. Дүрбелеңі мен зобалаңы көп Кеңес Одағының отарына айналдық, жерімізге жан-жақтан сансыз ұлт өкілдері қоныстандырылды , кесапаты көп озбырларды айдауға әкелді , сөйтіп қазақтың жазира даласы бір мезетте күңіреңкі қалыпқа еніп, лагерьге айналды. Осы оқиғалардан кейін тарихтың келесі толқыны «Қазақстан» атты мемлекетпен толықты. Яғни, Қазақстан көп ұлтты бауырына басқан үлкен жанұяға айналды. Бірақ қазақи құндылықтарға бай, естілу сазы мен айтылу назы бөлек «Қазақ Елі» атауы қайта жаңғырса, онда қазақ халқы нағыз қазақи сарында болар еді. Бұл Елбасының ұсынысы болатын . Халық та осы ойға бірден-ақ ризашылық танытты. Шіркін, қазақ сол баяғы кең сахараның иесі болған сәттегі ұлы есімін қайта иемденсе, бабалар салған ұлы мақсат-мұраттарының шыңына бір қадам болсын жақындарма еді!?