МЕРЕЙТОЙ НАҚТЫ ЖЕТІСТІКТЕРМЕН АТАЛЫП ӨТУДЕ

Байтақ еліміздегі сияқты Шымқалада да Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің – 30 жылдығына байланысты жыл басынан басталған іс-шаралар жыл аяғына дейін жалғаса бермек. Президент Қ.К. Тоқаев 5 ақпандағы Тәуелсіздік мерейтойын тойлауға байланысты комиссияның алғашқы отырысында: «Құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек. Ең бастысы, Тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса – мақсатымыздың орындалғаны» деген еді.

Шымкент қаласының әкімдігі Президент талап еткендей нақты істермен атап өтуді мақсат еткен. Үшінші мегаполисте ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 4 мектеп пен кітапхана пайдалануға берілді. Қала бойынша 109 тармақтан тұратын іс шараның жоспарының 600 тармағы аясында, жалпы 162 іс-шара өткізілді. Сондай-ақ, биыл қазан-желтоқсан айларында 2432 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады дейді жауаптылар. Бұдан бөлек, «Бозарық» қосалқы станциясы пайдалануға беріледі. Ол Шымкенттің солтүстік бөлігіндегі электр энергиясының тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі. Қала тұрғындарының жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан сан жүздеген жұмыстар да негізінен отыз жылдық мерейтойға арналады. Шымкенттіктер өздерінің күнделікті өмірінде, тұрмысында болып жатқан өзгерістер мен оң істер арқылы Тәуелсіздіктің нақты жетістіктерін сезінетін жағдайлар жасау қала басшылығының мақсаты болып табылады.

Қалада тұрғындар құрылыс, абаттандыру, инфрақұрылымды жетілдіру, ауызсу, газ, электр қуатымен сапалы қамтамасыз ету, жастарымыз жұмыспен қамту мен кәсібін ашу жағынан мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көріп, нақты жұмыстарды сезініп, көріп отыр. Шымқалалық балалар мен жасөспірімдер де Тәуелсіздік мерейтойына арналған іс-шаралардың игілігін көруде. Қаланың төрт ауданының әрқайсысында ондаған балалар алаңшасы мен балалар спорт кешендері салынып, жас ұрпақ соның игілігін көруде. Жыл аяғына дейін қол жеткізілетін жетістіктер мерейтойға арналып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық, қаланың көркеюі жағдайын жақсарта түспек.

Алинұр АМАН.