МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ҮЗДІК ПЕДАГОГТАР МАРАПАТТАЛДЫ

Қазанның бірінші жексенбісі — ұстаздар күні. Әріп танытып, қалам ұстауды үйреткен мұғалімдерге қандай сый-құрмет көрсетсек те артық емес.

Бүгін, мереке қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында 2020 жылдың «Үздік педагог» марапаттау рәсімі болып өтті. Ұстаздар үшін 9 жылдан бері дәстүрлі мерекеге айналған бұл байқаудың жеңімпаздарын марапаттау биыл жылдағыдан өзгеше форматта өткізілді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар алаңында 12 ұстазды өз қолымен марапаттаса, аймақтардағы ұстаздармен онлайн форматта кездесті. «Үздік педагог» конкурсының талабы бойынша, жеңімпаз мұғалім 1000 АЕК көлемінде (2 778 000 теңге) ақшалай сыйақыға ие болады.

«Ардақты мұғалімдер, ұлағатты ұстаздар! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. «Адамның адамдығы ұстаздан» деп, ұлы Абай айтқандай, ең жақсы мамандық – ұстаз. Елімізде ұстаз мәртебесін көтеру үшін кешенді іс-шаралар іске асып жатыр», — деген Аймағамбетов ұстаздардың жалақысы көбейіп, педагог мамандықтағы студенттердің шәкіртақысы ең жоғарғы екенін атап өтті.

Министр марапаттап, 2 млн 778 мың теңге көлеміндегі сыйақының сертификатын тапсырған ұстаздар қатарында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Дарын» мектебінде ағылшын тілінен сабақ беретін Нұрдәулет Құдабаев, елордалық ұстаздар Сандуғаш Парманова, Гүлжанат Раисханова, Анар Әлдекенова, Павлодар қаласының ұстазы Серік Төлегенов, Атбасар қаласындағы балабақша педагогы Зәуреш Батырова, Жақсы мектебінің бастауыш сынып ұстазы Еркегүл Сүлеймен, атыраулық ұстаз Арнұр Қазыбековтер бар.

Биыл конкурсқа 143 педагог өтінім беріп, 64 ұстаз жеңімпаз атанған.