МҰРАМЫЗДЫ ЖАҢҒЫРТҚАН «МӘДЕНИ МҰРА»

ХХІ ғасырдың басы қазақ мәдениетінің ерекше өркендеу дәуірі болды.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жинақталған ұлттық мәдени әлеуетіміз 2000 жылдары Бәйтеректің ұшар басы көктемде жапырақ жайғанындай құлпырған еді.

2003 жылдың сәуіріндегі Жолдауында Н.Назарбаев ұлттық мәдени мұраны жаңғыртуға, зерттеуге және жинақтауға байланысты арнайы бағдарлама жасауды тапсырды. Екі жылға жоспарланып, «Мәдени мұра» деп аталған мемлекеттік бағдарлама 2004 жылдың қаңтар айында жұмысын бастап кетті.
«Мәдени мұра» бағдарламасы әуел бастан-ақ қоғамның қызу қолдауына ие болды. Сондықтан оның 2006 және 2009 жылы ұзартылғаны өте заңды.

2004–2011 жылдар аралығында атқарылған мың-сан жұмыстың ішінен ерекше маңыздыларын атап айтқан жөн. Шетелдердегі жобалар да сәтті іске асты. Дамаскідегі (Сирия) Сұлтан Бей барыс кесенесін қайта өңделді, әл-Фараби мәдени орталығы мен кесенесін салынды, Каирдегі (Мысыр) Сұлтан Бейбарыс мешітіне қайта өңдеу жұмыстары жүргізілді.Ғылымымызды тарихи құнды артефактілермен байытқан көптеген археологиялық зерттеу жұмыстары жасалды. Шығыс Қазақстан облысындағы Шілікті және Берел қорғандарының қазылуы және одан сақ дәуіріне тән (б.з.д. V–III ғғ.) көптеген алтын бұйымдардың табылуы ғылым әлемінде үлкен дүмпу тудырды.
Археологиялық зерттеулер Қазақстанның барлық өңірлерінде жүргізілді. Олар – Бозоқ (Ақмола облысы), Есік, Қойлық, Талғар (Алматы), Сарайшық (Атырау облысы), Жуантөбе, Сауран, Сидақ, Отырар (Оңтүстік Қазақстан облысы), Ақыртас (Жамбыл облысы), Қырықоба (Батыс Қазақстан облысы), Тоқтауыл, Ай бас, Кент, Талдысай(Қарағанды облысы). Орталық Моңғолиядағы Ұлаан-Керім деген жеріндегі көне түркі дәуірінің
қорғанынан көне түркі атты әскерлерінің ондаған құйма мүсіні, алтыннан құйылған әбзелдер табылды. Мұндай артефактілер көне түркі мәдениетін зерттеудің бүкіл кезеңінде тұңғыш рет табылып отыр.
Қапшағай маңындағы Тамғалы петроглифтері, Ақтөбе облысындағы Қарағұл кесенесі, Қызылорда облысындағы Ақанас кесенесі және Оңтүстік Қазақстандағы Қарашаш ана кесенесі тәрізді бірегей ескерткіштер қалыпқа
келтіріліп, жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Қытай , Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Мысыр, АҚШ және Еуропа елдеріне жасалған ғылыми экспедициялары нәтижесінде қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты 5 мыңнан астам мұрағат құжаттары ғылыми айналымға енгізілді. Күлтегін көнетүркілік сынтасының көшірмесі Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың кіреберісіне қойылды.
Тәуелсіз мемлекет тарихында тұңғыш рет тарих пен мәдениет ескерткіштері жаппай түгенделді. 200-ден астам республикалық маңызға ие және 11 мыңнан астам жергілікті маңызға ие нысандар қамтылған Қазақстанның
тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі жасалды. Бірегей екі ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілді.
Елдің барлық облыстарындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің құжаттары, сипаттамалары, суреттері және қазіргі жағдайының анықтамасы топтастырылған жинақтарын әзірлеуге, баспадан шығаруға ерекше назар аударылды.