МҰРАТ ӘЙТЕНОВ: ШЫМКЕНТТІ – ХАЛЫҚҚА ҚОЛАЙЛЫ ҚАЛА ЕТУ ҮШІН КҮШ БІРІКТІРУГЕ ШАҚЫРАМЫН

Бесінші мақсат – ШЫМКЕНТТІ – ХАЛЫҚҚА ҚОЛАЙЛЫ ҚАЛА ЕТУ. Қаламыздың табиғаты жайлы, қысы жұмсақ, су көздері мол. Сондықтан мұнда барлық уақытта қалың халық күн кешкен. Оны археологтар дәлелдеп отыр. Ендігі жерде қала тұрғындарын Шымкентті қолайлы қала ету үшін күш біріктіруге шақырамын.

Осылай айтқан шаһар басшысы Мұрат Әйтенов ең алдымен Шымкент қауіпсіз қала болуға тиіс екенін мәлімдеді.

Ол үшін қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. 109 автокөлік, 550 бейнетіркегіш және 1802 компьютерлік техника алынды. Қылмыс саны 21 пайызға төмендеді.

— Қалада қазір 2479 камера бар. Қосымша 3 740 камера қойылады. Оның 2240-ы көшелерге қойылса, бір жарым мыңы аулалар мен қоғамдық орындарға орнатылады. Қала қауіпсіздігінде түнгі жарықтандыру да маңызды. Шымкенттегі орталық 747 көшенің 220 көшесі немесе 30 пайызында жарық бар. 2021-2023 жылдары 70 пайыз көшені энергия үнемдейтін ЛЭД-шамдармен жарықтандыратын боламыз, — деді спикер.

Сонымен қатар, қаламыз қауіпсіз бола түсуі үшін тілсіз жаудан да сақ болу керектігін айтты. Былтыр қалада 207 өрт орын алған. Онда 6 адам қайтыс болып, 9 адам жарақат алды. Қаламызда 9 депо бар. Биыл қосымша 3 депо салынады деп жоспарланып отыр. Өткен жылы бұл бағытта 31 техника алынып, жабдықтау бойынша Қазақстанда алғашқы орынға шықты.
Фото: Береке СЕЙІТЖАППАР

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі