МҰРАТ ӘЙТЕНОВ: ШЫМКЕНТТІҢ ӘР ЕКІНШІ ТҰРҒЫНЫ ТӘУЕЛСІЗДІК ТУМАСЫ
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов тікелей эфир арқылы өткен есепті кездесуде биыл Қазақстанның Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отырғанын айтып, осы уақыт ішінде еліміз, оның ішінде Шымкент қаласы көптеген жетістікке қол жеткізгеніне тоқталып өтті.
«2021 жыл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Өткенге ой салып, бүгінімізді бағалап, келешекке жоспар құратын маңызды жыл. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсіздікке қол жеткізіп, мықты мемлекет қалыптастырудағы рөлін атап өтуге тиіспіз. Отыз жылда Қазақстан бір ғасырға бергісін өзгерісті бастан өткерді. Мәселесен, Шымкенттің өзін алар болсақ, қала халқы 90-шы жылдары 400 мыңнан астам болса, қазіргі таңда бір миллионнан асып отыр. Яғни, Шымкенттің әр екінші тұрғыны Тәуелсіздік тумасы»,-деді әкім.
Әкімнің баяндамасында айтылғандай Шымкент қаласында отыз жыл бұрын 69 мың оқушысы мен 72 мектеп бар болған болса, қазір 223 мың оқушы оқитын 178 мектеп бар екен. Ал, қала бюджеті 1991 жылы 1 млрд теңге болатын, күні бүгінге 463 млрд теңгені құрап отыр. Өмір сүру ұзақтығы он жылға өсті. 1991-ші жылдары орташа жас 63,9 болса, қазір 74,4 жас. Сонымен қатар, қаланың жолдары 3,6 есеге ұлғайып, 3060 шақырымға жетті.
Ендігі жерде Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, мемлекеттігіміздің мәңгілік болуы әрқайсымызға байланысты.
Фото: Береке СЕЙІТЖАППАР
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі