МҰСТАФА-КЕМАЛЬ АТАТҮРІК
Түркия еліндегі негізгі идеология әсіресе әскерилер мен түрік телеарналары Ататүрікті тек батыр, қаһарман ретінде ғана көргісі келеді. Бұл – өткенге құрмет.
Ұлттық көтерілістің басшысы және реформатор ретінде оның тарихтан алар орны ерекше.
–Түркия;
– Ататүрік;
–Түрік – үштаған ұғым.
Түркияның бірінші президентінің өмірі көпшілікті қызықтырмай қоймайды. Десе де оның өмірінің кейбір күнгейі мен көлеңкелі тұстары сырткөздерден бүркемеленіп келді. Жалпы жариясыз ұстау назарға алынды.
1883 жылдың желтоқсан айында кеден қызметінің қызметкері Әли Рыза мен Зүбейде ханым отбасында ұл бала дүниеге келді. Осыған дейін бұл отбасында үш рет сәби дүниеге келіп, үшеуі де шетінеп кеткен тұғын. Жүректері қатты шайлығып қалған ерлі-зайыпты төртінші перзенттерінің де қатарға қосылар-қосылмасына аса күмәнді болды. Олар тіпті балаларын тіркеуден де өткізбеді.
Әкесі ырымдап, қылышты қынабынан суырып, жалаңаш ұстап, бесікті кең шеңбер жасап айналып, Жаратушыға жалынған екен. Бұл екінші жағынан, ескі дәстүр бойынша баланың бесігін жын-шайтаннан аластау болған. Анасы да бұл кезде мінәжат етіп: «Егерде осы балам адам қатарына қосылар болса, бар ғұмырымды Құдайға құлшылық етуге арнаймын!» – деген.
Бала аман-есен жетіліп, қатарға қосылды! Желкілдеп, жетіле бастайды. Ол, алты жасында медресе есігін ашады. Арада бір апта уақыт өткенде, бала медресеге барудан бас тартады. Себеп?.. Алты жасар Мұстафаны дәріс беруші молдалардың бірі жақсылап «шықпыртып» алған.
Анасы кішкентай ұлына: «Сен медресеге баруға тиіссің!» – деп түсіндіріп бағады. Сол кезде Мұстафа: «Әрине, мен медресеге барамын. Тек мен онда өзімді таяқтаған дәріскерден «есеп айырысу» үшін баруым керек!» деген керемет жауабын айтады. Оның бұл жауабынан соң ата-анасы Мұстафаны медресеге жібермеуді жөн санайды. Сөйтіп, оны зияткерлік мектебіне ауыстырады. Бұл мектеп балаға бірден ұнайды. Өйткені мұнда «шыбықпен оқыту» тәсілі жоқ тұғын. Мұстафа үшін бұл тіпті үлкен жаңалық еді. Ол осы мектепте оқып жүргенде, «Кемаль» деген есімді Мұстафаға математика сабағының мұғалімі осы пән бойынша алғырлығы мен зеректігіне қарай қояды.
Мұстафа бұл мектепте де көп «аялдамайды». Арада біраз уақыт өткенде ол анасына әскери училищеге түскісі келетінін жеткізеді. Ол бала кезінен соғыс ойынына аса құмар және үнемі жеңіске жетуді көздейтін азаттық сезімінің бойында бар екенін ерте сезінген жеткіншек-тін. Ол бала кезден аса батыл, өзін нағыз көкжалдай күштімін деген сеніммен өседі. Оның бойындағы мұндай қасиет азаттық сүйгіш ата-ана тәрбиесінен, әлде Табиғат-Анадан дарығанын ажыратып айту қиындау. Дегенмен зерттеушілер Мұстафаның анасының жігерлі де қажырлы күш иесі болғанын және тумысынан тектіліктің табы сақталған адам болғанын жазады.
Мұстафаның әскери болуды армандауының астарында жатқан нәрсе тек балалық арман ғана ма еді? Иә, оның бұл мақсатында балалық арманы, сонымен бірге өзінің бойындағы бар күш-қайратын, ақыл-ойын барынша таныта алатын және сарқа жұмсай алатын осы әскери қызмет деген ішкі байламы бар еді. Ол кезде «Харбие» атты жоғарғы деңгейдегі әскери училищеге негізінен ақсүйектер отбасының балалары қабылданатын. Олардың көбінің өмірлік бағдары, қызметтік өсу жолдары, қоғамда алар орны осы оқу орнының қабырғасында жүргенде-ақ белгіленіп, айқындалатын.
Бала Мұстафа ақсүйектер әулетінен емес екені өз алдына, мұны осы бағытта қолдай алатын әлеуетті туысы да болмады. Елдің бір шетінен үмітін үкілеп, зор мақсатпен келетіндердің көбі осы оқу орнына түсуді армандайтын. Мемлекетке жоғарғы қызметке көтерілудің сол кездегі басты баспалдағы осы әскери орны болғанын зерттеушілерде жазады. XIX ғасырдың соңындағы елде қалыптасқан ішкі-сыртқы жағдай елге әскерилердің, әсіресе білімді офицерлердің көптеп қажет екенін байқатқан кезең болатын. Осы тұста, яғни Түрік Сұлтандығының өзегі Осман империясы үздіксіз соғыс кезеңінде тұрған-ды. Империя бір жеңілістен соң, бір жеңіліске ұшыраумен болды.
Вена қақпасынан басталып, Парсы шығанағына ұласып келген алып империя шекарасы үздіксіз жеңілістер нәтижесінде уақыт өткен сайын тарыла түседі. Ал ел ішін сепаратистік хал-ахуал жайлайды. Бұрынғы одақтастар Батысқа иек артып, солардың айдауына көнеді. Батыстық соғыс әдісі мен техникасы Осман империясына қарағанда әлдеқайда күшті және жетілген еді. Және бұл кемшілік әр шайқас сайын көзге ұрып, менмұндалап көрініп тұрды. Империя күйреуіне санаулы күндер қалғанын бәріде сезінді. Бүкіл соғыс барысын, елдің әскери мүмкіндігі мен ел ішіндегі хал-ахуалды Түрік әскерінің сол кездегі жас офицері Мұстафа Кемаль да өзгелердей ұғынды. Бірақ оның сол өзгелерден ерекшелігі осы қиын-қыстау кезеңде танылды.
Біріншіден, Осман империясы құлдырау алдында тұр. Бұл анық. Демек, алда ұлттың күйреуі, тіпті туырлықтай туралып, жоғалып кету қаупі тұр деген сөз. Өзгеше шешім жасауға еш мүмкіндік қалмады деуге болады. Ел басына төнген мұндай қауіп-қатерді тек бақылаушы ғана болып қалғандар сияқты емес, Кемаль бой тасалап, үнсіз қалуды ар санайды. Егер ол үнсіз қалса, Кемаль Мұстафа болмас еді, себебі ең қиын сәтте бой тасалап қалу оның бойына жат қасиет болатын. Тумысынан бітімі де ерекше жаратылған жан, өзінің бойындағы күш-қуатын анық сезінді. Ол өзінің Отанға керек екенін, Отан үшін де, өзі үшін де сын сағаттың туғанын өзгелерден артық сезініп, тереңірек білді. Осы кезең – Кемаль Мұстафаны Кемаль Ататүрікке айналдыратын жолға бастайды: түрік әскерінің офицері жай ғана офицер емес, өзгеше құблыс иесі екенін танытатын алғашқы қадам жасалды.
1908 жылы Түркияда қарулы көтеріліс орын алды. Билік басына «жас түріктер» келді. Төңкерісшілдер «Бірлесу» және «Өрлеу» атты құпия саяси партиялар құру арқылы билікке ұмтылған-ды. Олардың басты мақсаты – Абдулхамитті ығыстыру, Конституцияны қайта құру, парламентті жаңадан жасақтау.
Қозғалыс көсемдерінің арасында Кемальмен әскери училищеде бірге оқыған офицерлерде болды. Солардың бірі әрі Кемальдің жақын досы болған Энвер-паша еді. Негізінен алғанда, сол аумалы-төкпелі күндері Мұстафа бір кездегі полктас достарынан арасын алшақтау ұстайды. Өйткені олардың арасында идеялық көзқарастар қайшылығы бар еді.
Айталық, төңкерісшілдердің мақсаты буржуазиялық реформаға қол жеткізу арқылы Осман империясының бұрынғы даңқы мен дақпыртын қалпына келтіру болды. Мұстафа өз тарапынан олардың бұл мақсатын талдап, талқылап жатпады. Бұл кезде Мұстафаның бар назары Батыста болады. Ол үшін бар жақсылық – сол жақта, ал Шығыс ол үшін дәл сол кезеңде барынша тұралаған, лас, бар мәселеде артта қалған ел ғана еді. Кейінгі жылдары орын алған бейберекеттік бір күнде тиылып, Шығыс бір қарқынды дамуға ілесе кетеді дегенге Кемальдің жеке басы сенген емес. Ол сондықтан тығырықтан шығу жолдарын Шығыстың өз ішінен емес, Батыспен бір бағыт ұстану арқылы табуға болады деп шешті.
Сонымен «заманауи жаңашылдық – тек Батыста» деп, іштей бекінімге келді. Оның ойынша батыстық әліпби, күнтізбе, апта санауы, батыстық уик-энд, міне, осылар елді жаңғыртады.
Кемаль Мұстафа осы кезеңде бар ісін саясат олимпін жеңіп алу үшін емес, соғыс ісіне арнады. Ол бірнеше жылдар бойы Египет, Балқан, Сириядағы соғыс өртінің ортасында жүрді. Ол офицер ретінде одақтастар мен неміс әскерінің соғыстағы озық тактикасын қадағалап, бойына сіңірді. Оның қабілеттілігі мен есте сақтаудағы ерен қасиетінің күштілігі осы жерде іске асады. Ол соғыса жүріп, қарсыластарының бар айла-әдістерінен сабақ алды. Мұстафа орыс әскерінің соғыс қимылдарынан да өзіне керекті тұстарды байқады. Әсіресе 1911-1913 аралығында жүрген Балқан соғысы барысында ол орыс әскерінің соғыс қимылын зер салып зерттеді. Ол тіпті орыстар тарапынан ұшақ арқылы қолдан жасалған бомбаларды тастап, қарсы жаққа күйрете соққы бергеніне масаттанды да! Кемаль қолбасшы ретінде қарсыластың да жетістігін бағалай білуді ұмытпайтын. Бұл да оның тұлға ретінде ірілігін танытатын қасиеттердің бірі.
Мұстафа соғыс алаңынан Стамбулға оралды.
Әскери оқу орнында ұстаздықпен айналысып, партизан соғысының жай- жапсарын зерттеп, мұнда да әскери өмірдің ағымынан шыға қоймады. Саясатқа араласуды әлі ойлаған да емес. Тек ара-тұра соғыс туралы зерттеулері мен жазбаларын баспасөз бетіне ұсынып отырды.
Стамбулға оралған осы сапарында ол Карина Лютфинмен танысады. Карина оның қанды көйлек досының жұбайы болып келетін. Ол тарихта Кемаль Мұстафаның жастық шағындағы досы ретінде қалды. Дегенмен Осман империясы офицерінің жесірі Карина мен Кемаль туралы айтпай кету мүмкін емес. Карина – көріпкелдік қасиетке ие, түрлі сеанстар өткізіп, болшаққа болжам жасауға талпынды. Ол Кемальдің болашағына да осындай бір сәтте үңіліп көрді. Және Кемальдің сұлтан тағында отырғанын анық болжады. Карина бұл «сиқырлы жаңалығын» Кемальға жеткізеді. Ескерте кету керек, бұл кезде Кемаль әлі Ататүрік емес-тін.
Мұстафа бұл жаңалықты жағымды қабылдап: «Сұлтан тағы емес, премерь-министірдің орынтағы болар?!» деп түзету енгізе, күле жауап береді. Аз үнсіздіктен соң: «Жоқ, мен тек президент орын тағында боламын!» деп кесіп айтады. Бұл тек Мұстафа Кемаль – Ататүрікке ғана лайық шешім болғаны даусыз!
1914 жыл. I дүниежүзілік соғыс өрті бұрқ ете түсті. Түрік армиясы ұрысты бірінен соң бірін жеңілумен бастады. Антанта одағы әскері барлық жағынан түрік әскерінен басым болды. Мұстафа Кемаль ол кезде ешкімге таныла қоймаған майор шенінде болатын. Оған Дарданель шебін қорғау десант түсіру жоспарын атақты Уинстон Черчилльдің өзі сызып, жоспарлаған болатын. Черчилль сондай бір қатты қарсылық болар деп ойламаған еді. Түрік командованиесінен ол өзіне шақ тұлға көріп тұрмағандықтан, осы ойына бекем болды.
1915 жылдың 18 наурызы күні біріккен ағылшын-француз әскерлерімен жасақталған соғыс кемелері Дарданелльге келіп кірді. Қаптаған соғыс кемелері сұсының өзі көрген адамның сағын сындырардай тым қорқынышты еді. Мұстафаның маңайындағылар қатты қобалжып кемелерге бір, Кемальға екі қарап тұрған сәтте Түркі жұртының батыр ұлы отты көзін жауға қадап тұрып былай депті: «Олар қалай келсе, солай кетеді!»
Не деген батырлық?!
Не деген рухты сөз?!
Черчилль Мұстафа Кемальдің дивизиясын жермен-жексен етіп, Стамбулға барар жолды «тазаламақ» болды. Галлиполь жартылай аралына десант түсірілді. Шабуыл сойқан кейіпке енді. Алғашқы сағаттарда-ақ мыңдаған түрік солдатты жер жастанып үлгерді. Көрер көзге тарыдай шашылған өліктерге қараудың өзі ауыр еді. Қорғаныс күші күйреді. Дәл осы сәттегі Мұстафа Кемальдің бұйрығы тарихта ешқашанда қасиет құндылығын жоймақ емес: «Мен сендерге шегініңдер деп бұйрық бермеймін, мен сендерге өліңдер деп бұйырамын!». Осы жалынды сөзді айтқан Кемаль әскерін өзі бастап жауға қарсы тұра шабады. Сол сәтте түрік әскерінің анық сезгені: «Не олар бізді өлтіреді, не біз оларды өлтіреміз! Үшіншіге жол жоқ!»
Түріктердің қайыра соққы беруі соғыс сипатын түбірімен өзгертіп жіберді. Ағылшын әскері тойтарылды және таланып, беті қайтты. Бұл ең алғашқы, ең үлкен жеңіс болды. Және мұндай жеңісті ешкім де түрік әскерінен күтпеген еді. Майор шеніндегі беймәлім Мұстафа Кемаль Британияның атақты стратегі Черчилльдің өзін қауқары әлсіреген батальонымен-ақ талқандап шықты. Түріктердің ағылшындарды жеңуі, расында, Галлипольге жорық жолындағы Түркі әлемінің рухын оятушы болды! Мұстафа Кемаль ұлттық қаһарманға айналып шыға келді. Басқыншылық аяқталып, ағылшындар Стамбулдан күдер үзіп, кері қайтқан шақта ағылшын генералдары түріктердің жылы халық екенін түсінді. I дүниежүзілік соғыста түріктердің ағылшындарды күйрете жеңуі тарихта осылайша даусыз мойындаумен аяқталды. Ағылшын әскері оны құрмет тұтумен қатар, оның ерлігіне бас игендерін жасырмады. «Қарсы беттен қарсылас ішінен осындай қолбасшыны тануымыз біздер үшін сабақ болды, біз де оған деген құрметімізді жасырмаймыз» делінді.
Жеңілуді мойындаудың ағылшындық ақсүйектің ең озық сипаты – бұл. Түріктер шын шаттанды. Күрескерлік рухы оянған халықтың бұл кейпін көзбен көріп, сөзбен сипаттау әсте мүмкін емес. Ерекше түлеу – бұл!
(«Жаһан таныған жеті тұлға» кітабынан алынды)
Жалғасы бар.