Наурыз мерекесіне дайындық басталды

«Халқымыз ұлы күнге балаған, жыл басы санаған жасампаз Наурыз – бірлік пен мереке мейрамы. Қайта жаңарған Наурыздың тарихы – біздің тәуелсіздігіміздің тарихы! Біз көне тарихымыздан күш-қуат алып, тәуелсіздік туралы өз арманымызды жүзеге асыра алдық», — деген еді Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы сөзіне сәйкес, Мәдениет және спорт министрлігі игі істі қолға алды. Министрлікке қарасты барлық мекемелер 1 наурыздан бастап ғимараттарын ұлттық мерекеге сай безендіріп, Наурыз мерекесін насихаттауға кірісті. Жақсы бастамаға алғашқылардың бірі болып Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы қолдау көрсетті.

— Наурыз – тарихи мазмұны терең, әлеуметтік-рухани мәні зор мейрам. Бұл қасиетті мерекеден ұлтымыздың болмысын, салт-дәстүріміздің айқын нақышын көреміз. Сондықтан төл мерекемізді төрге шығаратын уақыт жетті. Мәдениет және спорт министрлігі қолға алған ігі іске қуана келісіп, тек мекеме сыртын емес, бүкіл әріптестерімізбен әрбір кабинетті мерекеге сай безендірдік. Әлбетте, мереке тек сыртқы сән-салтанатымен емес, мазмұнымен мәнді,- дейді баспа бөлімінің басшысы Әлім Сәдуақасұлы.

http://www.qamshy.kz/