Наурызға жарым ай қалды? Мәдениет министрінің бастамасын неге қолдамаймыз?

Наурыз мерекесіне жарым ай ғана уақыт қалды. Күн райы жылынып, еліміздің оңтүстігіне көктем келіп те қойды. Қасат қардың көбесі сөгіліп, көк жамылғы тебіндеп, бәйшешек бүршік атты. Наурыз менмұндалап тұрса да халықта григорян күнтізбесіндегі жаңа жылды күткендегідей ықылас байқалмайды. Ықылас жоқ емес. Тек желтоқсанның соңғы күніне асыққандай 21 наурызды күтпейміз.

Неге?

Мақаламызға жан бітіру үшін Мәдениет министрі Мұхамедиұлының Наурызға бір ай қалғанда жарияланған сұхбатына тағы бір назар салайық. Министр Наурызға қажет іргелі ізденістер мен тарихи әрі зама­науи шараларды 8 түрлі тақырыппен атап көрсеткен еді.

Президенттің ұлттық киім киіп үлгі болып жүргенін айтқан министр қазақтың «таныған жерде бой сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы» дейтін мәтелін келтіріп, мереке күні ұлттық киім киюге үндеді. «Бар­­лығымыз осы қасиетті күні, бас­­қа да атаулы күндері ұлттық киім киіп шығайық!» деді Мұхамедиұлы. Ұлттық киім дегеніңіз тек жылтырақ маржан жабысқан, зерлі шашағы төгілген әлем-жәлем киім емес, құдалықта ғана жүретін кең қолтық шапан емес. Оны бәріміз қалауымызша тұрмысқа ыңғайлы етіп кисек болады. Министр мақаласында тіпті ұлттық киімнің түрлеріне де кең тоқталып, ел арасында ұлттық киімге деген сұраныс пайда болатынын болжап, кәсіпкерлер сапалы өнімге көңіл бөлуі керектігіне де назар аудартқан.

«Наурыз ең әуелі бал­­дыр­ғандарға арналуы керек… Наурыздың қадір-қа­сиетін жан-жақты қамти оты­рып, шын мәнінде мереке жаса­ғымыз келсе, Наурыздың бірінші мағынасы да, сәні мен салтанаты да балдырғандар болуы тиіс», — деген министр тағы бір сөзінде. Календарлық жаңа жылды да асыға күтетін балалар ғой. Балалардың ықыласынан барып ата-анада мерекелік көңіл-күй туады. Демек біз балалар мен жас өрендерге наурыз мерекесін насихат ете білуіміз керек.

Мұхамедиұлының «Қызғалдақ – Наурыз­дың атрибуттық белгісі, эмблемасы ретінде бекітуді қажет етеді», — дегені даусыз мақұлдауға татиды. Министрдің «Гүлдің адамға деген әсері өте мол. Себебі гүлден ерекше сұлу­лықпен бірге адам нәр ала­ды. Гүл тұрған жерде биік сезім бар. Мереке күні аналарға, қыз-келін­шектерге гүл сыйлау көңілдерге құштарлық сыйлайды. Бұған қоса мекемелер, көше­лер, саябақтар қызғалдақтармен, басқа да гүлдермен көмкеріліп, абаттандырылса нұр үстіне нұр», — дегенін талқысыз құптаймыз.

Күн мен түннің теңелуі – астрономиялық көктем­нің тууы екенін болса бәріміз білеміз. Осы жерде министрдің «Түн ортасы ауғанда жаппай жаңа күнді қарсы алу дәс­тү­рін тү­лет­кеніміз абзал» деген бастамасы жалпыхалықтық дәстүрге айналса құба-құп. Сағат тілінің 12 болғанын күтіп, шампан төгіп, торсылдақ ататын «жаңа жыл» дәстүрінен гөрі «Қазақ­стан хал­қы­­­ның Жаңа жыл – Наурызды қар­сы алуы» дейтін дәстүр әлдеқайда көркем емес пе?!

Батыстық ағайын­дардың «Амал келді – жыл келді!» деп, арқа-жарқа болып, Ұлыс күнін бір кісідей атап өтетінін еске салған министрдің «Көрі­су күнін» бекіту бастамасы да құптарлық.

Наурыз мейра­мының рухани-мәдени тәрбиелік мәнін іс жүзінде өмірге енгізуді ұсынсақ артық бола қоймас. Бұл мақсатта наурыздың 21-і күні сипатын ашатындай әрі ұлттық таным мен дәстүр салтты жаңғыртатындай Отбасы күнін, Қайырымдылық жасау күнін, Ақ дастарқан күнін, Ағаш егу күні деп мазмұн бере отырып, рухани іс-шараларды неге қалып­тастырмасқа?

Дәл осы «Наурыз мейрамы» күндері аясында елі­міздің іскер азаматтары, меце­наттар, қоғамдық ұйымдар мен мекемелер балалар үйлеріне, тұрмысы төмен отбасыларға және қоғамның әлеуметтік қорғал­маған топтарына жәрдем жасап, қайырымдылық шаралары­на көңіл бөлгені жөн. Ас мәзірін әз-Наурызға бейімдеп, кәсіпкерлер Наурыз көже, бауырсағын алдымен сол адамдарға тегін таратса. Бұл игі істе Қазақстанның бел­сенді жастарын, волонтерларды Наурыздың жаңа тұрпатта тойлануына жұмылдырсақ, жү­ре­гімізге жақын мерекенің мәні мен сәні арта түседі. Керек десеңіз, Наурыздың рухани мәр­тебесі үшін, жыл сайын қыс айларында дәстүрлі берілетін әдебиет пен өнер саласы қайраткерлеріне арналған сыйлықтардың табыс ету мерзімін де Наурыз мейрамына ауыстырған абзал.

Қыдыр баба (Қызыр) бар жақсылықтың, мол­­ш­ы­лық пен берекенің иесі, үмітт­ің шырағын жағатын кие. «Қырықтың бірі – Қыдыр» сөзінің астарынан осындай түсініктен туындаған факторды көреміз. Қыдыр баба көпшіліктің алдында қашанға дейін бата беріп, «үлкен» кісілердің соңында жүруі тиіс?

Қиялды ұштай түсетін мүм­кін­діктерді пайдаланайық. Ен­деше, Қыдыр бабаны Наурыз мей­рамын өткізу барысында ұтым­­ды пайдаланған абзал. Уа­қы­ты­ның денін балалармен өт­кіз­сін. Тақпақ айтқызсын, өлең оқыт­сын, ән тыңдасын, өнерін көр­сін! Сондықтан Қыдыр ата­ның мейірімі алдымен бал­дыр­ған­­дар­дың көтеріңкі көңіл күйі­мен ұштасқаны керек», — деді министр өз сұхбатында.

Бұған қоса, Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мейрамы кезінде мәдени және спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мәселесіне де баса назар аударды. Ұлттық ойындарды дәріптеп, жыл сайын республикалық «Наурыз спартакиадасын» өткізуді ұсынды. Министрдің айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдары Наурыз мейрамын тойлау барысында өткізіліп жатқан шаралардың танымдық һәм мазмұндық жағына мән беруі тиіс.

«Болашаққа бағдар жасап, үлкен серпіліс жасаған елімізге қазір дүниежүзі тамсанып, үлкен үмітпен қарап отыр. Ендеше, игілікке беттеген кез келген жаңа бастаманы ерекше ықыласпен атқарып, жаңғырған рухтың жаршысы болуға ұмтылайық», — деп қорытындылаған Арыстанбек Мұхамедиұлы сұхбатын.

Біздің министр сұхбатындағы өзекті бастамаларға алып-қосарымыз жоқ. Жаңғырта жариялайық демедік. Билік тарапынан  бастама бар. Бекітілген мерекелік демалыс та бар. Тек жұмыла жүзеге асырайық дегіміз келеді.

http://www.qamshy.kz