НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ — ЖАС ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ АҢСАР БИІГІ

Елбасы Н.Назарбаев 2006 жылғы Жолдауында елордада халықаралық деңгейдегі университет құру қажеттігін атап көрсетті. 2007 жылы супер-университет құрудың ауқымды жұмысы басталып кетті.

2010 жылдың 28 шілдесінде Назарбаев Университетінің ашылуы салтанаты өтті. Тәуелсіз Қазақстан жоғары мектебінің тарих сағаты жаңаша соға бастады. Екі ай өткен соң, 28 қыркүйек күні университетте тұңғыш рет Foundation бағдарламасы бойынша студенттердің сабағы басталды. Оқу үрдісі әубастан әлемдік стандарттарға негізделіп құрылды. Жаңа деңгейге көтерілу үшін Қазақстанның білім жүйесіне дәл осындай бағдар қажет болды.
Назарбаев Университетінің миссиясы да осы еді.

2010 жылдың 6 желтоқсанында әлемдік деңгейдегі басшы, бұған дейін Бүкіләлемдік банктің вице-президенті лауазымын атқарған Шигео Катсу университет ректоры болып тағайындалды. Елбасының өзі жылына бір рет университетте студенттерге дәріс оқып тұрды.

2011 жылдың қаңтар айында қабылданған заң бойынша Назарбаев Университеті – мәртебесі жөнінен автономиялық және академиялық еркіндік қағидалары аясында жұмыс атқаратын Қазақстанның алғашқы жоғары оқу орны болды.
2011 жылдың шілдесінде Жоғары Қамқоршылық кеңесінің алғашқы жиналысы өтті. Онда университет дамуының 2012–2020 жылдарға арналған стратегиялық бағыт-бағдарлары айқындалды.
Лондон, Гарвард, Дьюк, Карнеги, Висконсин, Питсбург, Пенсильвания, Сингапур, Беркли сынды әлемге әйгілі және беделді ғылыми орталықтар Назарбаев Университетінің серіктестеріне айналды.

2011 жылдың тамыз айында маңызды оқиға болды – бакалавриаттың үш мектебінде: Инженерия мектебінде (серіктесі – University College London), Ғылым және технология мектебінде (Carnegie Mellon University), Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінде (University of WisconsinMadison) оқыту басталды. Университет толыққанды іске кірісті.
Назарбаев Университеті қанатын кең жая отырып, республикалық білім жүйесіне – эталон, Қазақстанның барша жоғары оқу орындарына – әлемдік тәжірибені жеткізуші, озық ойлы жас қазақстандықтардың аңсар биігі, өз
аясына озық оқытушыларды топтастырған зияткерлік-инновациялық кластер бола білді.