«НҰРЛЫ ЖЕР» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫНА ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ
Бүгін Шымкент қаласы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 500 тұрғын үй сертификаттарына өтініш пен құжаттарды онлайн қабылдау басталды. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшысының м.а. Абылайхан Балықбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, аталған қызмет бойынша азаматтардың құжаттары онлайн қабылдау www.kezekte.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. Тұрғындардың тұрғын үй сертификатына жіберілген өтініштері 3 жұмыс күні ішінде басқармамен тиісті талаптарға сәйкестігі қарауға алынып, өтінім бойынша жауап электронды түрде жеке кабинет, электронды поштасына жолданатын болады.
-«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несиелік бағытта баспаналы болуға ниет білдірген тұлға соңғы 6 айда отбасының жиынтық табысы оның әрбір мүшесіне шаққанда 106336,2 теңгеден аспаған жағдайда және қарыз сомасы, бастапқы жарнаның мөлшері және ай сайынғы төлемнің сомасы туралы мәліметтерді қамтитын, тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын беру туралы банктің мақұлдаған хатын тіркеп азаматтар тұрғын үй сертификатына өтінім жібере алады. Осы жерде айта кететін жәйт, отбасының жиынтық табысы ретінде — отбасы мүшелерінің расталған кіріс табысы есептеледі,-деді спикер.
Айта кетейік, тұрғын үй сертификаттарын алуға мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және мемлекеттік қызметшілері жоғарыда аталған талаптарға сәйкес қатыса алады.
Биыл мұқтаж азаматтарға ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде әр азаматқа 1 миллион теңгеден берілетін тұрғын үй сертификаттарына жалпы 500 млн. теңге қарастырылып отыр. Бұл көрсетілетін мемлекеттік қызмет толығымен электрондық форматқа көшірілгендігін айтып өткен жөн.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі