«НҰРЛЫ ЖОЛ — БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ»
2014 жылы 11 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің отырысында елдің жаңа экономикалық саясаты негізінде «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын жариялады.
«Біз партияның тұғырнамасын бүгінгі күн шындығы тұрғысынан қарай отырып жаңа мазмұнмен толықтыруға тиіспіз. Менің тапсырмам бойынша Үкімет дамудың жаңа ауқымды бағдарламасын жасауды аяқтады. Бүгінде алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты туралы жариялаймын.
Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иeci. Сондықтан аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен. Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақ теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету – бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ», – деп атап өтті.
Жолдау аясында Елбасы дағдарысқа қарсы тұру жолдарын жария етіп, Үкіметке жеті тармақтан тұратын тапсырма берді. Оның алғашқысы көліктік логистиканы дамытуға арналған. Осы бағдарлама аясында 22 тамызда Жезқазған – Бейнеу және Арқалық –Шұбаркөл теміржолдары пайдалануға берілген болатын. Ал 3 желтоқсанда Өзен-Қызылқия-Берекет-Этрек-Горган (Қазақстан-Түркіменстан-Иран) теміржол желісі ресми түрде ашылды. Бұл жол Қазақстанды Еуропаға 600 шақырымға жақындата түсті. Елбасы бұл жобалардың барлығының ашылуына қатысты. Салынуы 2008 жылдан бастау алып, құрылысы таяуда ғана аяқталған халықаралық теміржол тармағының ашылу салтанаты Иран мен Түркіменстан шекарасында өткен болатын. Онда Елбасымен бірге Иран президенті Хасан Рухани, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов те болды.
Дереккөзі: https://aikyn.kz/162147/2014-zhyl-ykpaldastyk-yrgagynda