НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ — ЗАМАН ТЫНЫСЫН ТАП БАСАТЫН ТҰЛҒА

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел билеген жылдарында сарабдал саясаты мен қырағы саясаткерлігінің арқасында әлемдік аренада зор абырой мен ықпалға ие болды. Әлемдегі ең алпауыт деген елдерінің президенттері Нұрсұлтан Әбішұлы жайлы жоғары баға береді.

Көршіміз Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Елбасы жайлы былай дейді:

Нұрсұлтан Әбішұлы — саясатта көптен, кеңес дәуірінен келе жатқан тұлға. Мені қатты таңғалдыратыны — оның заман тынысын тап басып танитыны… Бұл қасиет — бүгінгі әлемді дөп басып сезіне алатын қасиет оған қайдан дарыған?!

Жақында Нұрсұлтан Әбішұлының тағы бір қасиетін байқадым. Ол кейбір нақты жағдайларда өте сезімтал болуы мүмкін. Демек, ол адами қасиеттерін жоғалтпағаны. Бұл мен үшін өте маңызды, өйткені осы қасиет — адамның аса бір жақсы қасиеті.
Ол адал да әділ. Кейбір мәселелерді талқылағанда, әрдайым қарапайым адамдарға бұл қалай тиеді деп ойлап тұрады. Бұл жеке адамға, қарапайым отбасылар өміріне қалай әсер етеді? Солардың орнына өзін, өзінің жақындарын қойып көріп барып, шешім қабылдайды. Ол — өз халқының бір бөлігі.
Қазақстан үшін Нұрсұлтан Назарбаев – тарихи бірегей тұлға. Өйткені, осы уақытқа дейін қазақтарда қазіргі мемлекеттік құрылымы бар мемлекет болмады. Ол — тек қана Қазақстанның Тұңғыш Президенті ғана емес. Ол Қазақ елін, қазақстандық мемлекеттілікті құрушы. Оның бірегей тарихи рөлінің мағынасы да осында.