Ө. ШӨКЕЕВ: 10 АЙДА 492,4 МЫҢ ШАРШЫ МЕТР БАСПАНА ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Бұл туралы бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев журналистерге арналған онлайн-брифингте айтты. Өңірде пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 492,4 мың шаршы метрді құраған. Түркістан қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері тұтастай ашық түсті мәрмәр тас пен травертинмен қапталуда. Тұрғын үй құрылысының қарқыны қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында үдей түскен. Мұндағы 7 қабатты 24 тұрғын үй қараша айының соңында салынып бітеді.
«Ипотекалық тұрғын үйлердің қатарын артып, жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған 1822 отбасы баспаналы болады. Басым бөлігі тұрғын үйге мұқтаж тізімінде тіркелген көпбалалы отбасыларға, бюджеттік сала қызметкерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балаларға беріледі»- деді Өмірзақ Шөкеев.
Аймақта тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 595,7 мың шаршы метрді құрайды. 10 ай ішінде 406,4 мың ш.м. тұрғын үй пайдалануға берілген. 2020 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында мемлекеттік бюджет есебінен 158 нысанның құрылысына 36,6 млрд. теңге бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша 70 нысан пайдалануға тапсырылады.
Жалпы, Түркістан облысы бойынша биыл 240 бюджеттік инвестициялық жобалар іске асырылуда. Биыл мемлекеттік және ішкі істер органдары мен білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларына тиесілі 77 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі