Ойын-сауық орталықтарын өрт қауіпсіздігіне тексеру 2 сәуірден басталады

Еліміздегі ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері сияқты халық көп баратын нысандар 2 сәуірден бастап жоспардан тыс тексерілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінде өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мәселелері жөнінде өткен брифинг барысында белгілі болды.

Қазақстандағы бұқаралық нысандардың бәрі 2 сәуірден бастап тексерілетін болды. Тексеруге 3 ай беріліп отыр. Жиында аталған ведомствоның мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы Рүстем Ысқақов хабарлағандай, келесі санаттағы нысандар өрт қауіпсіздігі бойынша тексерілетін болады.

Олар: өртке қауіпті өндірісі бар кәсіпорындар, тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету нысандары, мұнай базалары мен мұнай өнімдерінің қоймалары, элеваторлар, білім беру нысандары, бір уақытта 200-ден көп адам баратын мәдени-ағарту, діни нысандар, спорттық кешендер, әуежайлар, теміржол, автокөлік вокзалдары, автожанармай құю бекеттері және газ қоймалары станциялары және сол секілді өзге де нысандар.

«Қамшы» сілтейді